СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕС

СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕС

Халық қалаулыларының ел алдындағы есебі Кеңдала, Алатау, Белбұлақ, ауылдық округтерінде жалғасты.

Алғашқы кездесу жиыны Кеңдала ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылындағы №39 орта мектептің акті залында өтті. Кеңдала ауылдық округінде 12298 тұрғын бар. Есепті жиынға аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, «Nur Otan» партиясы фракциясының төрағасы, депутат Бәзілхан Әбдіғани, аудандық мәслихат депутаты Мақсұт Омарбаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын және ауыл әкімі Алмас Өмірзақов қатысты. Әдеттегідей күн тәртібі таныстырылып, жиынды өткізу регламенті бекітілген соң, есепті баяндаманы мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы жасады. 2019 жылы аудандық мәслихатқа 225 кіріс құжаты, 177 шығыс құжаты тіркеліп, 39 депутаттық сауал жолданған. Өз сөзінде ол былтырғы есепті жиында көтерілген мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстарды саралай жеткізіп, алдағы уақытта белгіленген келелі міндеттер жайын айқындап өтті. Кеңдала ауылдық округінде 2019 жылы Ақдала ауылының Центральная, Новостройка 1, Новостройка 2 көшелеріне және Еңбекші ауылының Интернациональная көшесіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Кеңдала ауылындағы №42 орта мектепте 25 балаға жетіспеген 12 парта орындықтардың 1 комплектісін осы округтен сайланған депутат Мақсұт Қасымбекұлы алып берді, қалғанын білім бөлімі қамтамасыз етті. №42 орта мектепке баратын көшені жарықтандыру бойынша «Санжар» жеке кәсіпкермен 4 млн 600 мың теңгеге келісімге отырып, үстіміздегі жылдың желтоқсан айының соңына дейін шарт бойынша жарықтандырылған. Ақтас ауылындағы БАК жолына қатысты жол жөндеу аяқталғаннан кейін, барлық қажетті белгілер қойылған, жаяу жүргіншілер сызығы сызылған. Еңбекші ауылындағы ФАП қабырғасына жөндеу жұмыстары жасалған. Су басу мәселесі лоток қою арқылы шешілді. Еңбекші және жаңа құрылысқа Племзавод Алматының скважинасынан су берілген және Алматы қаласының су құбырынан қосылуға рұқсат алынып, тұрғындар сумен қамтамасыз етіліпті. Мәслихат хатшысының айтуынша, барлық елді мекендерде орын алып отырған өзекті мәселе, бұл жаңа құрылыс аудандарындағы инфрақұрылымның жоқтығы. Кезінде ауылшаруашылық жерлердің нысаналық мақсаты өзгертіліп, өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу жерлері болып белгіленген. Соның салдарынан шағын мөлтек аудандарына халық көптеп қоныстана бастады. Өкініштісі, ол жерлерде үй-жайлар салынғанымен, инфраструктурасы мүлдем жоқ. Яғни, ауызсу, жарық, жол мәселелері шешілмеген. Халық көп тұрақтанған жерлерде мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемесінің де қажеттілігі туындайтыны заңдылық. Әрине, депутаттар аталмыш мәселеге айрықша ден қойып, халыққа ауадай қажетті су, жарық, жол мәселелерін шешуге күш салып келеді. Айтуға ғана оңай көрінгенімен, бұл үлкен жұмысты, қомақты бюджеттік қаржыны, уақытты талап ететін шаруа. Қалай болғанда да, сайлаушылармен өткен әрбір кездесудегі осындай әлеуметтік маңызы зор мәселелер басты назарға алынып, атқарылуға тиісті жұмыстардың жоспары белгіленуде. Ауданымызға жаңадан тағайындалған аудан әкімі Жолан Омаровтың да бұл бағытта талабы айқын. Бүгінгі таңда ауылшаруашылыққа арналған жерлердің нысаналы мақсатын ауыстыруға тоқтау салынды. Бөлінетін жерлер бас жоспарға енгізіліп, алдымен инфрақұрылым жүргізу қолға алынады, содан кейін ғана заңға сай кезекте тұрғандарға бөлінетін болады. Өз жұмысына білек сыбана кіріскен аудан басшысы барлық елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен ондағы қордаланған мәселелер жайында шынайы ақпарат беретін түгендеу паспорттарын жасауды тапсырған. Осы және өзге де өзекті мәселелерді қамтып өткен баяндамашы төртінші деңгейлі бюджетке кіретін салық түрлерін тізбелей келе, жергілікті қауымдастық отырыстарында ауылдық округтің бюджет шығыстары жоспарланып, хаттамасы мәслихатқа өткізілетінін, сол арқылы жергілікті бюджеттің шығысы сессияда бекітілетінін қадап айтты. «Ауруын жасырған өледі» деп, тегін айтылмаған. Түйіні түйдектелген мәселелерді, орын алған кемшіліктерді жылы жаппай, керісінше, ашық айтып, оны шешудің жолдарын бірлесе, жан-жақты қарастырғанымыз абзал», – деп, сөзін түйіндеген мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы тұрғындарды ашық ой бөлісуге шақырды.

Айта кету керек, халық осы кездесуді тағатсыздана күткен сыңайлы. Ауыл тұрғыны Манзура Кегенбаева көше бойы жарықтандыру мәселесін, мектеп жанындағы жолға жылдамдықты шектейтін жол қауіпсіздігі белгілерін қою, сонымен қатар Еңбекші ауылының кіре берісіндегі жол үстіне аспалы көпір салынса деген тілегін айтты. Өйткені, автокөлік ағыны толастамайтын күре жолды кесіп өту жаяу жүргінші үшін де, жүргізушілер үшін де өте қауіпті. Аталмыш жол бойында жол апаты, адам өлімі де жиі орын алып отырғандықтан, бұл мәселені ұзаққа созбай шешіп беруді өтінді. Қойылған сауалға ауыл әкімі жауап берді. Болашақ көшесінің бойындағы қазіргі таңда жаяу жүргінші жүретін сызықтың жанынан аспалы көпір салу жоспарда бар екен. Бұл мәселеге орай «Қазавтожол» мекемесіне аспалы көпір салу жөнінде арнайы хат та, схема мен жобасы да жіберілгенін, сонымен қатар мектептің жанындағы жаяу жүргінші белгісі заманауи үлгіде жасалатынын тілге тиек етті. Жаңа құрылыс ауданының тұрғыны Мадияр Ақылтаев жарық мә-селесін, Гүлжан Еңкебаева Еңбекші ауылындағы жаңа құрылысқа жол салынып, жарық жүргізіле ме деген сауалын алға тартса, осы жердің тұрғыны Раушан Қабаева «Тәуекел Газ» мекемесіне газ тартуға тиесілі қаржысын әлдеқашан төлеп қойғанын, әйтсе де, көгілдір отынды қостыра алмай қиналып жүргенін жеткізді. Өз қызметтеріне қыруар ақша алып отырғандарына қарамастан, газ тартатын мекеменің қызметкерлері халықты зар қақсатып, әбден әбігерге салатын көрінеді. Бұл мәселені партия өкілдері, депутаттар да назарға алды. Мұрат Өмірзақ ауызсу мәселесін көтерсе, Тұрсынгүл Найманова дәрігерлік қызметке сын айтты. Осылайша, тұрғындар ұсыныс-тілектерін ортаға салып, сауалдарын қойды. Бірқатарына бірден жауап қайтарылса, енді біразының шешімі алдағы уақыттың еншісіне қалдырылды. Жиын соңында аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырылатын АӘК тағайындаудың жаңа жобасымен жан-жақты таныстырды. Тұрмысы төмен, көпбалалы аналар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді.
Дәл осы күні аталмыш жиын Кеңдала ауылдық округінің Ақтас ауылында орын тепкен №36 орта мектебінің акті залында жалғасты. Кездесу жиынына келген тұрғындар саны көп болды. Күн тәртібіне сай бірінші кезекте аудандық мәслихат хатшысының есепті баяндамасы тыңдалды. Осыдан кейін жиналғандар аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Б.Тұрсынның 2020 жылдың қаңтар айынан бастап енгізілетін АӘК төлеудің жаңа тәсілдемелері туралы түсіндірмесіне құлақ түрді.
Айта кету керек, аталмыш округте 72 саяжай серіктестіктері бар, онда сан мыңдаған адам тұрып жатыр. Байқағанымыз, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылары да сол жерлерді көптеп паналап отыр. Жиынға келген көпбалалы аналардың жаңбырша боратқан сауалдарына жұмыспен қамту орталығының маманы егжей-тегжейлі жауап берді. Мәселен, жолдасынан айырылып, үш баланы өзі бағып-қағып отырған ана Мақпал Жолшиева өзі тұрып жатқан шағын жертөлесін заңдастыруға қажетті қаражатты таба алмай, соның салдарынан үкімет тарапынан берілетін АӘК-тен де қағылып отырғанын айтып, налыды. Сәтін салғанда, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Сағынжанованың тікелей араласуымен аталмыш отбасының проблемасы оңтайлы шешіліп, жертөлесі ең төменгі төлемақымен қысқа мерзімде заңдастырылып берілетін болады. Жасыратыны жоқ, жиында сауал қойған көпбалалы аналардың да, қарапайым ауыл тұрғындарының да көтерген ең басты мәселесі саяжайларға ауыл статусын беру туралы болды. Жарыққа төленетін ақының қымбаттығы, бюджет есебінен ауызсу тартудың, жол жүргізудің, көшелерге жарық түсірудің мүмкін болмай отырғанына наразы болған ауыл жұрты, мәселені тігінен қойып, жанайқайларын жеткізді. Бұл мәселе, ұзақ жылдар бойы көтеріліп келе жатқаны мәлім. Оның шешімі заңға тәуелді болып тұрғандықтан, ҚР Парламентіне хат жолданғандығы, жуырда аудандық «Nur Otan» партиясы тарапынан да ең өзекті деген он мәселенің алғашқысы ретінде көрсетіліп, жоғары құзырлы органдарға жіберілгені айтылды. Қалай десек те, қайнауы жеткен аталмыш мәселе ел мүддесі жолында оңтайлы шешімін табады деген сенімдеміз. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық. Сонымен қатар қаңғыбас иттердің қауіпі, жедел-жәрдем қызметінің сын көтермейтіні, көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырғандықтары, Ақтас ауылына №203 машруттағы автобустың кірмейтіні де кеңінен сөз болды. Көтерілген сауалдардың бірқатарына қатысты ауыл әкімі А.Өмірзақов нақты түсінік берді. Кездесу жиынын Ж.Еңкебайұлы қорытындылап, ел тілегі ескерусіз қалмайтынын, түйінді мәселелерді шешуге депутаттар ынталы екендіктерін жеткізе келе, ел-жұртқа береке-бірлік тіледі.
Депутаттардың есепті жиыны келесі күні Алатау ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы бастаған топ Рысқұлов ауылындағы №16 орта мектепте сайлаушылармен кездесті. Есепті баяндама тыңдалып болған соң, сөз тізгіні ауыл тұрғындарына берілді. Ауданның Құрметті азаматы, ауыл тұрғыны Матан Бекбосынов көшелерді жарықтандыру мәселесі біртіндеп шешіліп келетінін, тұрмыстық қалдықтарды шығару да бір жүйеге келтірілгенін айта келе, бірқатар мәселелерді көтерді. Келесі жылдың жоспарына Гагарин көшесін жөндеу керектігі, Мәдениет үйі салынса, аталмыш мектепке күрделі жөндеу жүргізу керектігін және бала санының көптігін ескере келе, мектеп жаны-нан қосымша жапсаржай салудың маңыздылығын алға тартты. Светлана Қалтаева тасымалданып оқитын балалардың саны 100-ден асатынын, бүгінде жайлы, үлкен автобус берілгенімен, әлі де бір автобус аздық етіп тұрғанын жеткізді. Жиын барысында көше бойы жарықтандыру, жолдарды асфальттау мәселелері көтерілді. Түс қайта дәл осындай жиын Қызыл-Қайрат ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Бала санының жыл озған сайын артуына байланысты Қызыл-Қайрат, Алмалық ауылдарына жаңа мектеп, сонымен қатар дәрігерлік амбулатория, ал Амангелді ауылына медпункт керектігі, көше бойын жүргізілген газ құбырларының тіреуіштері орнықты орнатылмағаны айтылды.

Сәрсенбі күні депутаттар Белбұлақ ауылдық округіндегі Бірлік ауылында орналасқан Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының акті залында ауыл тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Баяндамада былтырғы кездесу жиындарында көтерілген мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстар жайы да қамтылды. Атап айтар болсақ, Бірлік ауылына типтік Мәдениет үйін салу үшін СЖҚ жасауға 12 млн. тг. қаржы бөлуге бюджеттік сұраныс беріліпті. Аталмыш ауылдағы Маметова және Талдыбұлақ ауылындағы Байғазиев көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстарына 38,2 млн. тг. қаржы бөлініп 2,2 шақырым жол жасалған. Бірлік ауылында «Парасат» жеке кәсіпкер 150 орындық балабақша ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, белгілі себептерге байланысты жүзеге аспай отырған мәселелерді де атап өтті. Осыдан соң, мінберге көтерілген жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын 2020 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асатын АӘК тағайындаудың жаңа тәсілдемелері мен үш бағыты жайында тарқатып түсіндіріп берді.

Ауыл белсендісі Мақсат Кенжебаев аталмыш мектептің жанындағы автотұраққа ыңғайлы жерді ретке келтіріп, асфальттатуға көмектескен Ж.Еңкебайұлына, ауыл әкіміне рахметін айтты. Бірлік ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға баратын жолдың тарлығынан, жаяу жүргінші де, автокөлік жүргізушілері де көп қиындық көріп отырғанын алға тартып, Жібек жолы көшесіндегі №24 және №16 үйлердің қоршауын алғызып, жолды сәл де болса кеңейту керектігін ұсынды. Жылыту маусымы басталғанымен амбулаторияда жылу әлі қосылмағанын сынға алды. Ауыл ақсақалы Жасқадір Оспанов дәрігерлік амбулаторияға баратын жолды жөндеуді, көпір салу керектігін баса айтты. Сонымен қатар қария Мәдениет үйі, балабақша ғимаратын ел игілігіне қайтару мәселесін де көтерді. Ізбасар Нақысбеков деген азамат былтырғы жылы көтерілген Әуезов көшесіндегі №50 қоныста орнатылған антенна-мачталық құрылғымен ұялы байланыс жабдығының тұрғындардың денсаулығына тигізіп отырған зиянын айтып, дабыл қақты. Сонымен қатар орталық көшені жарықтандыру, тротуардың жоқтығын жеткізді. Қоғам белсендісі, ауданның Құрметті азаматы Сапархан Исаев істелінген жұмыстардың бар екенін, десек те былтырғы кездесуде, тіпті соңғы жылдары көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлі де шешілмей отырғанын алға тартты. Ауылға Мәдениет үйін, полиция тірек пунктін, пошта бөлімшесін салу (жер телімдері бар) қажеттігі, жайылым мәселесін, оңтайластыру кезінде жекеменшіктің иелігіне өтіп кеткен, әйтсе де ұзақ жылдар қаңырап бос тұрған балабақша ғимаратын ел игілігіне қайтару сынды бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілгенін еске салды. Сонымен қатар, Шымбұлақтағы тубдиспансердің кәріз суы арық суына құйылып жатқанын, оның зардабы жан-жануарларға ғана емес, ауыл тұрғындарына да тиіп отырғанын ашына айтты. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дегендей, қоғам белсендісі мәслихат депутаттарының жұмысына сын айта отырып, қоғамды іштен ірітіп отырған сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес туралы да өз ойын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев ашық-жарқын ой бөлісіп, толғандырып жүрген мәселелерді көтерген ауыл жұртына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Райхан Азимова,
«Талғар».