Берекені арттыру жолындағы қадамдар кеңесте талқыланды

Берекені арттыру жолындағы қадамдар кеңесте талқыланды

Көкейкесті мәселелердің басын ашып, бағытын оңдап жүретін қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жеті мәселе талқыға салынып, нәтижесі бағамдалды. Әдеттегідей жиынды ашып, регламентін бекіткен кеңес төрағасы Қалимолда Байболовтың кіріспесінен кейін ашық деп жарияланған жиынның алғашқы баяндамасын аудан әкімінің бірінші орынбасары Қайдар Абдыханов жасады.

2019 жылдың 9 айы ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берген баяндамашының сөзінен «бәрекелді» дегізер нәтижелі істердің атқарылғандығын аңдадық. Кез келген өңірдің өрісті ісі өнеркәсібі екендігін еске алсақ біздің өлкеде де бұл істе қарқын бары байқалды. Мәселен, тоғыз ай ішінде нақты көлем индексі 100,2 пайызды құраған бұл салада жоспарланған жоба көп. Жыл соңына дейін құны 400 миллион теңгені құрайтын лифт жасайтын зауыт ашылып, жұмыссыз азаматтардың саны 30-ға кемиді деп күтілуде. Одан бөлек 2020 жылы 50 жаңа жұмыс орнын қамтитын және бір зауыттың ашылуына куә болмақпыз. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерде жүзеге асырылуы ойдағыдай екендігін «Интеллсервис», «Baron Food», «Керуен Плюс» ЖШС-дегі енгізілген цифрлық технологиядан аңғаруға болады. Шағын және орта бизнестің дамуында да серпін бар. 11168 белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 27000 адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Осы саладан аудан бюджетіне 13,6 млрд.теңге түсім жиналғанының өзі айтарлықтай уақыт кезеңі үшін жақсы көрсеткіш. Одан қала берді 10 шағын бизнес нысандары ашылып, 107 адам жұмыссыздар санатынан шығып отыр. «Биз-нестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 17 жоба қаржыландырылған. Ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, ирригация, жер қатынастары, ветеринария салалары бойынша да цифрларды жіпке тізген баяндамашы сөзінен ауыз толтырып айтарлықтай істердің басы қайырылғанын білдік.
Дегенмен әр сөзді баппен тыңдап отырған кеңес мүшелері баяндама біте салысымен сұрақтарын жаудыртты. Қ.Темірбеков мал басын арттыруда алдағы уақытта қандай жобалар іске асатынын сұраса, Н.Сәрсековті жер телімдерінің қымбаттығы алаңдатты. Кеңес төрағасы да өз тарапынан жылыжайлардың аздығын алға тартып, базарлардағы жеміс-жидек, көкөніс бағаларының тұрақсыздығын сынға алды. Барлық сауалға тиянақты жауап беріп, кейбірін назарға алатындарын жеткізген Қайдар Алиханұлының есебіндегі ұсыныстар қоғамдық кеңес тарапынан алдағы уақытта тағы бір мәрте қарастырылатыны сөз болды.

Аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының бірінші орынбасары Нұржан Кунтуновтың жасаған есебі кеңесте тыңдалған екінші мәселе болды. Күнгейінен көлеңкесі басым саланың осы жылдың 9 айы ішінде тіркелген құқық бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда біршама азайғанын, бірақ ауыр, аса ауыр қылмыс түрлері 20 пайызға көбейген. Қуанарлығы, осы аралықта 5 ұрлықшылар тобы құрықталған. Баяндамашы, сондай-ақ қылмыстарды ашу, есірткіге, ішімдікке байланысты қылмыстармен күресу, қоғам-дық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бағытындағы іске асырылған тиісті шараларды айтып шықты. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, халықтың құқығын қорғауда аянбай еңбек етіп жатқандарын алға тартса да тың-даушылар тарапынан сан сауал қойылды. Оның ішінде Нұра, Қайнар ауылдық округтерінде мал ұрлығының азаймай отырғандығы, полиция бастығының жеке қабылдауына кіру қиын екендігі, тұрғын саны жылдан жылға көбейіп келе жатқан ауылдық округтерге учаскелік инспекторлар мен тірек пункттерді көбейту керектігі қозғалды. Баяндамашы тарапынан жауап алынған соң кеңес төрағасы қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа да құрылымдардың әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті.
Үшінші мәселе бойынша Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолдановтың есебі қанағаттанарлықтай болды. Округ бюджеті аталған уақыт мерзімінде 83,2 пайызға игеріліп, салық түсімдері де өз деңгейінде атқарылған. 18 мыңнан астам халқы бар өлкенің қай саласы да өз қарқынымен алға жылжып, ілгерілеушілік бар екенін алға тартқан әкім шешілмей жатқан мәселелердің бар екендігін жеткізді. Халық санының өсуіне байланысты жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория салу, ауыз сумен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстарының кезек күттірмес шаруа екендігін тілге тиек етті.

Қаланың қыс маусымына дайындығы жайлы ақпараттарды алға тартқан Талғар қаласының әкімі Жандос Әуелбаевтың айтқан цифрлары көңіл көншітерліктей болды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» де-гендей, өткен жылдардағы жағдайлардан сабақ алған қала басшылығы бұл маусымға сақадай сай екендіктерін жеткізді. Аудандық маңызы бар жолдарды тазалауға 10 техника, республикалық маңызы бар жолдарға 16 техника жұмылдырылған. 200 тонна құм, 200 тонна тұз дайын. Қала бойынша 3 көмір базасында бүгінде 22 мың тоннаға жуық көмір әкелінген. 19 көмекке мұқтаж отбасына 2 тоннадан көмір түсіріліп берілген. Сонымен қатар Жандос Қасенханұлы 170 көппәтерлі тұрғын үй мен 64 ауланың жылыту маусымына дайындығын да атай кетті. Кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға тиянақты жауап берген әкімнің тұщымды баяндамасына тыңдаушылар қанағаттанарлық деп баға берді.

Соңғы мәселе бойынша сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін арнайы орындар белгіленгенін, оның саны 58 екенін хабарлады. Аудан бойынша ауылдық округтарда кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде 2 қосымшаға сәйкес үй-жайлар белгіленгенін алға тартты.

Қоғамдық кеңесті қорытындылаған Қ.Байболов назарға алынған ұсыныстарды аудан басшылығына жеткізіп, тиісті шешімдері қабылданатынын айтып, қай кезде де келісіп пішілген тонның келте болмайтынын алға тартты.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».