Партияға жаңа төраға сайланды

Партияға жаңа төраға сайланды

Күні кеше «Nur Otan» партиясының Талғар аудандық филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы болып өтті. Шараға «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев пен аудан әкімі Жолан Омаров, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы қатысып, аудандық мекеме басшылары, партияның белсенділері, партия ардагерлері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері шақырылды. Әнұранымыз шырқалғаннан кейін конференция өз жұмысын бастады.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова дауыс беру тәртібін бекітіп, жұмысшы органдарды сайлауға ұсыныс жасады. Бұл күнгі құрамның жобасы алдын-ала таратылып берілгендіктен, мандат, санақ, редакциялық комиссияларының және хатшылықтың ұсынылатын құрамы делегаттардың дауыс беруі арқылы бекітілді.

Күн тәртібіне көшпес бұрын «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының кандидатурасын ұсыну үшін сөзді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев алып, бұған дейін партияға төрағалық еткен Рыскелді Сатбаевтың 2018 жылдың маусым айынан 2019 жылдың тамыз айына дейінгі аралықта аудандық партия филиалына төрағалық еткенін айтып, осы уақыт ішінде партия қатары саны жағынан 591 адамға артып, «Халыққа көмек» партиялық жоба аясында тұрғындарға барынша көмек жасап, бастауыш партия ұйымдарымен тығыз байланыс жасап, партиялық жобалардың іске асуын өз бақылауында ұстағанын тілге тиек етті. Р.Сатбаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты төрағалықтан босатылғанын алға тартып, аудан әкімі Жолан Омаровтың өмірбаянымен таныстырып, кандидатурасын партияның аудандық филиалының төрағалығына ұсынды. Бұл ұсыныс конференция делегаттарынан бірауыздан қолдау тауып, аудандық партия филиалына жаңа төраға сайланды. Өз кезегінде сөз алып, мінберге көтерілген партия төрағасы Жолан Омаров:
– «Nur Otan» – партиясы халықтың партиясы болғандықтан, бізге ел тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Партиямыз барлық азаматтарын бірлікке шақырып, жаһандық қауіп-қатерлер алдында тек бірлесу арқылы ғана дағдарысты еңсеріп, одан әрі қарышты дамуды жалғастырып келеді. Жақында ғана партия төрағасы, Тұңғыш Президент – Елбасының және Үкіметтің қатысуымен өткен ҚР Парламентіндегі «Nur Otan» партиясының фракция отырысында партияның жүйелі жаңғыру шеңберіне бірқатар міндеттер мен мақсаттар қойылып, нақты тапсырмалар берді.
Алдағы уақытта ауданымыздағы партия филиалының жұмысының одан әрі жандануына, «Nur Otan» партиясының Жарғысын, Доктринасын, Сайлауалды бағдарламасын, партияның негізгі көрсеткіштері болып табылатын партия органдарының жоспарлы жұмыстарын, қоғамдық-саяси ахуалды бақылау, партиялық жобаларды жүзеге асыру, халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдап, тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізу, ауданның экономикасын көтеру, іс-шараларда алға қойған мақсаттарды орындауда бірқатар жұмыстарға атсалысатын боламын, – деп өзіне зор сенім артқан партияластарына алғысын білдірді.
Ендігіде конференцияның күн тәртібіндегі мәселеге кезек беріліп, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» – атты партия бағдарламасындағы тапсырмаларды іске асыру туралы баяндамасын жасады. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртуға бағытталған бағдарламасына тоқталып, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру мен бастауыш ұйымдардың ролін көтеру, жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру мен биліктің барлық деңгейіндегі партия алдындағы жауапкершілігін арттыру, халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу, партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдау туралы айтып өтті. Еліміздегі жетекші партияның бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстары мен бағдарламалардың орындалу барысы туралы әлемдегі отыз дамыған елдің қатарынан көрінуге бет алған еліміздің бүгіні мен ертеңі туралы баяндамасында тарқата айтып өтті. Одан кейін жарыссөзге шыққан кәсіпкер, партия белсендісі Мейірғали Аднанов пен аудандық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшесі, Талғар медициналық колледжінің студенті Юлия Литош та өз ойларын ортаға салды. Жиынды аудан әкімі Жолан Омаров қорытындылап, бүгінде «Nur Otan» партиясының алдында аса маңызды міндеттер тұрғанын, оларды шешу үшін бар күш-жігерді жұмылдырып, жұмыс жасау керектігін айтты.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».