Америка футболы – Талғар жерінде

Америка футболы – Талғар жерінде
Өткен аптада Талғар қаласындағы «Жастар» стадионында «KazExpoTex» және «KazDesign Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Талғар ауданының дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Фениксы», «CAPITALS», «HORDE», «WOLVES» командалары арасында жолдастық кездесу болып өтті.

Жарыстың мақсаты – Алматы облысында америкалық футболды насихаттау екен. Қазір әлемде бәсекелестік өршіп тұр. Әркім өзінің ұлттық спорт ойындарын әлемге танытқысы келеді. Мәселен, біздің қазақ күресі Азия, Европа, әлем мемлекеттеріне тарау үшін қазақтың ұлтжанды жігіттері аянбай тер төгіп жүр. Әр командаға жеке-жеке тоқтала кетсек, Алматы қаласынан келген «Феникс» командасының құрамында 29 спортшы бар екен. Бес ойын өткізген. Халықаралық бәсекеде Грузия спортшыларын жеңген. Алматы қаласында құрылған «HORDE» командасының сапында 25 спортшы болса, бәрі де халықаралық жарыстарда, Орта Азия регионында өткен турнирдің жеңімпазы болыпты. Үшінші команда-«WOLVES». Бұл команда Нұр-Сұлтан қаласында құрылған. Құрамында 30 спортшысы бар бұл команда Ресей Федерациясы, Түркия, Біріккен Араб Эмиратында өткен чемпионаттарда жүлде алған. Отыз ойын өткізген. Төртінші команда – «CAPITALS». Бұл команда құрамында 26 спортшысы бар болса, бұлар халықаралық жарыстарда бір ақ ойын өткізген жас командалардың бірі екені ойын барысында байқалып тұрды. «Спорт – денсаулық кепілі» – десек, «Жастар» стадионында өткен америкалық футбол Талғар балаларына жақсы әсер қалдырды.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!