Бір басында бірнеше өнер ұстаздың

Бір басында бірнеше өнер ұстаздың
«Алғырлар мен тапқырлар клубы». Иә, дәл осындай атаумен ауданымыздағы жас ұстаздар арасында КТК ойындары өтті. Апта басын көтеріңкі көңіл күйде бастаған ұстаздар келген көрерменді күлкіге бөлеп, ән мен биін ортаға салды. Облыстық білім басқармасы мен облыстық білім беру оқу-әдістемелік орталығының бастамашылдығымен ұйымдастырылып отырған шараның ауданымызда алғаш өтуіне мұрындық болған Қарлыға Айсабекқызы басшылық ететін аудандық білім бөлімінің мамандары.
Талдыбұлақ ауылындағы №34 орта мектеп ғимаратында өткен «Жайдарман» ойынына ауданымызға қарасты мектептерден келген жиырма команда қатысты.
Ойын барысын бақылауда ұстап, басы-қасында жүрген білім бөлімінің маманы Сымбат Сұлтанбайдың айтуынша «Мұндай ойындар білім саласына келген жас мамандар арасындағы кәсіби және шығармашылық әріптестікті арттыруға бағыттайды. Сонымен қатар кәсіби байқаулар лайықты мамандар базасын дайындауда, басқарушы кадрлар резервін құруға таптырмас мүмкіндік», – дейді.

Ойын ережесінде көрсетілгендей, оқу бағдарламасына жаңадан енген «Өлкетану» оқулығын насихаттау болатын. Сәйкесінше әр топ өз деңгейінде тақырыпты ашуға тырысып әзілін астарлап жеткізді. Үш бөлімнен тұрған ойын нәтижесінде бір ауыздан төрешілердің шешімімен Тұздыбастау ауылындағы №13 мектептен келген «Оригинал» командасы үздік деп танылып, облысқа жолдама алды. Ұйымдастырушылар өзге де қатысқан топтардың қай-қайсысын да назардан тыс қалдырмай, бес бірдей командаға орын беріп бағалы сыйлықтар үлестірілсе, қалған командалардың ойын ерекшелігіне қарай түрлі номинация табыс етілді.
Дархан ӘУК
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!