Ел тілегі ескеріледі

Ел  тілегі ескеріледі
Депуттардың ел алдында есеп беруі, атқарылуға тиісті келелі міндеттерді бірлесе айқындауы игі дәстүрге айналған-ды. Бүгінде халық қалаулыларының есеп беру жиындары белгіленген кестеге сай өз жалғасын табуда.
Гүлдала ауылындағы №21 орта мектебінің жиынжайында өткен кездесу жиынына аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық мәслихат депутаты Т.Б.Юсупов, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын қатысты. Жиналғандар алдында алғашқы болып есепті баяндама жасаған аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы мәслихат жұмысының негізгі бағыттарына, депутаттардың атқарып отырған жұмысына тоқтала келе, былтырғы жылғы дәл осындай есепті жиында Гүлдала ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерге қатысты жүзеге асырылған жұмыстар мен алдағы уақыттың еншісіндегі мәселелерді жан-жақты қамтып өтті. Аталмыш округ аумағында үш елді мекен бар: Гүлдала, Кіші Байсерке және былтырғы жылы ресми түрде ауыл мәртебесін алған Жаңа Қуат ауылдары. Округте мекен ететін халық саны 15900 адамды құрайды.

Баяндамашыны тыңдап болған соң, ауыл жұртшылығы өз талап-тілектерін, толғандырып жүрген сауалдарын ортаға салды. Ауыл тұрғыны Құрбанов Сатыбалды ауылдық округ бюджетінің мөлшерін және оның қалай бөлінетіні туралы сауал қойды. 2018 жылдан бастап төртінші деңгейлі бюджет жүзеге асырылып отырғанын, бұл дегеніміз жергілікті қоғамдастықтың жан-жақты талқылауынан соң, салықтан түскен жергілікті бюджет қаражатының шығысын тиімді әрі аса қажетті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауға болатыны түсіндірілді. Төртінші деңгейлі бюджетке –жеке табыс салығы, меншікке салынатын, мүлікке салынатын салықтар, жер салығы, көлік құралдарына салынатын салық, кәсіпкерлік және кәсіби қызметті жүргізгені үшін алынатын алымдар, салықтық емес түсімдер кіретінін айтқан мәслихат хатшысы тұрғындардың өзін-өзі басқару жүйесіне белсене араласуға шақырды. 2019 жылы аталмыш округке 66 млн. 665 мың теңге қарастырылған. Бұл қаржының шығысы, яғни жұмсалу мақсаты ауылдағы жергілікті қауымдастықтың отырысында қаралып, хаттамасы мәслихатқа өткізілетіні, содан кейін ғана сессияда бекітілетіні айтылды. Ермұхамед Иляхунов Байтұрсынов көшесінде арықтың жоқтығы салдарынан көшені жиі су басып, тұрғындар әбігерге түсетінін алға тартты. Жиын өтіп отырған мектептің шатыры тозған, электр жүйесі де еш сын көтермейтінін айта келе, мектеп директоры Қуан Айтбаев күрделі жөндеу жүргізілсе деген тілегін жеткізді. Мектептің сыйымдылығы оқушы санына шаққанда өте тар. Бір қуантатыны жылу жүйесі газға қосылған, мәслихат депутаты Т.Юсупов 5 млн. теңге қаржы бөліп акті залына жөндеу жүргізіп берген. Қолы ашық азаматқа ауыл жұрты дән риза. Өзі де тар мектептің бір бұрышын иеленіп отырған шағын орталықты да (100-ге жуық бүлдіршін бар) басқа жерге ауыстырса деген тілегін де білдірді. Бұл сауалға жауап берген Ж.Еңкебайұлы бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ-ы дайындалғанын, алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешілетінін, электр сымдарын жаңартуға үнемделген қаржы есебінен қаражат бөлінетінін жеткізді. С.Бағашарова ауылда стадион жоқтығын айтса, Сатыбалды Құрбанов деген азамат жекеменшік иелігіне өтіп кеткен ескі балабақша ғимаратын ел игілігіне қайтару мәселесін көтерді. Е.Әлімсай, А.Дүйсенбаевалар ауылдың ішкі жолдарына тас, асфальт төсеу, жарықтандыру мәселелерін тілге тиек етті. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-тілектер мен сын-ескертпелердің барлығы назарға алынды. Осыдан соң мінберге көтерілген аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай АӘК) тағайындаудың жаңа тәсілі жүзеге асырылатынын түсіндірді. Бүгінгі таңда АӘК аудан бойынша 5900 жуық отбасы алып отыр, адам басына шаққанда бұл ауданымызда 27000 адам мемлекеттік жәрдемақыға ие болып отыр деген сөз. Маманның айтуынша, АӘК үш бағытта жүзеге асырылады. Оның бірінші бағыты еліміздегі барлық көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған. Яғни, төленетін жәрдемақы мөлшері бала санына қарай айқындалады. 4 баласы барлар — 42500 теңге, 5 балалы отбасылары- 53125 теңге, 6 балаға -63750 теңге, ал 7 және одан да көп баласы бар отбасыларға — 73375 теңге төленетін болады. Бұл ретте, отбасының табысы, әлеуметтік деңгейі есепке алынбайды. Екінші бағыт бойынша аз қамтылған отбасының табыс мөлшері есептеледі, әрі ол отбасының мүшелеріне бөлгенде күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінен аспаса әрбір отбасы мүшесіне айырмасы төленеді. Егер де еңбекке жарамды отағасы тұрақты еңбекпен қамтылмаса, жұмысқа орналасуға құлықсыз болса, онда екінші бағытта қарастырылатын АӘК сол отбасына берілмейтін болады. Аналардың бала күтіміне берілген уақыт үш жасқа дейін төмендетілді. Бекжан Тұрсын тұрмысы төмен, жұмысы жоқ отбасылары үшін қысқа мерзімді қайта оқу курстары, кәсіпкерлікке оқыту жүзеге асырылып отырғанын, сол арқылы өз ісін ашуға ынталы жандарға қайтарымсыз қаражылай көмек берілетінін, сонымен қатар кәсібін дөңгелеткісі келетіндер үшін төменгі пайызды несие де қарастырылатынын айтты. Үшінші бағытта тұрмысы төмен отбасыларының балаларына кепілді әлеуметтік пакет ұсынылатын болады. Бұл дегеніміз, 1-6 жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндердің азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдары; ал 6-18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде бір мезгіл ыстық тамақ, жол жүру шығыны, мектеп киімдері мен оқу құралдары тегін болады. Ал 1-18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стомотологиялық қызмет, ТМККК мен МӘМС шеңберінде тегін жүргізіледі. Жалпы АӘК тағайындаудағы үкіметтің алға қойып отырған мақсаты халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау әрі масылдықтан арылтып, еңбекке араласуға бағыттау болып табылады. Жаңа жылдан бастап жүзеге асырылатын АӘК тағайындаудың талаптары мен тәсілдемелерін егжей-тегжейлі түсіндірген Б. Тұрсын, аналар тарапынан қойылған сауалдарға да тұщымды жауаптар берді.
Осы аптада, сейсенбі күні аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы бастаған топ Панфилов ауылдық округіне ат басын тіреді. Алғашқы кездесу Төңкеріс ауылындағы №23 орта мектебінің акті залында өтті. Әдеттегідей күн тәртібіне сай есепті баяндама тыңдалып, одан кейін ауыл халқы өз ой-пікірлерін ортаға салып, сауалдарын қойды. Ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Г.Абдиева аталмыш мектепке күрделі жөндеу жүргізілуін,Төңкеріс ауылына балабақша, Мәдениет үйін салу сынды мәселелерді алға тартты. Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сәуле Мықтыбаева қаржы бөлінуіне қарай жөндеу жұмыстары 2020 жылы жүргізілетінін, 120 балаға арналған балабақша салу жоспарда барын, ауылда Мәдениет үйін салуға жер қарастырылғанын, ендігі кезекте ЖСҚ дайындау жұмыстары қолға алынып жатқанын айтты. Көшелерге жөндеу жүргізу де жоспарлы түрде, қаржыға байланысты жүргізілетінін жеткізді. Ауыл белсендісі Әсиягүл Малкееваның жан айқайы да ешкімді бей-жәй қалдырмады. Өздері сайлаған депутат Т.Юсуповты кездестіре алмай жүргендіктерін айтып, мәселелерді шешуге атсалысуға шақырды. Ауылға кіріп тұрған газқұбырына бес жыл бойы қосыла алмай, қиындық көріп отырғандықтарын, көшелерді жарықтандыру мәселесін, жылдамдықты шектейтін жол белгілерін орнату керектігін айта келе, қараусыз қалған ескі балабақша ғимаратының жаны үлкен қоқыс алаңына айналып отырғанын айтып ашынды. Төңкеріс ауылының Гүльмира есімді тұрғыны сужүйесі мекесінің жүргізген жұмыстарынан кейін Октябрская көшесінің жолдары лай-батпақ, шұрық-тесікке айналғанын айтып, арызданды. Төңкеріс ауылынан 1,5 шақырым жерде орналасқан мөлтек ауданының тұрғындарының тілегін жеткізген Сандуғаш Шарипова осы аралыққа тас төсетіп беруді өтінді. Құралай Саина жолаушылар тасымалдайтын №203 автобустың жұмысына риза бола отырып, аталмыш маршрут Жалғамыс ауылын да қамтыса деген тілегін жеткізді. 200 үй бой түзеген Жаңа құрылыс ауданының тұрғындары да жол, жарық, ауыз су мәселелерін көтеріп, көмек сұрады. Қойылған сауалдардың барлығына депутаттар бірден жауап беріп отырды. Бірқатар мәселелерге қатысты сала мамандары көтеріліп, түсінік берді. Әрине, көптеген түйінді мәселелер тез арада шешіле қоймайды. Бәрі де қаражат мәселесіне байланысты. Қажетті қаржыны бөлгізу үшін жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып, тиісті құжаттарды дайындау, ЖСҚ-өткізу, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу қажет. Осы кезеңдерден өткен соң, қаржы қарастырылатын болады. Қалай десек те, ел тілегі ескерусіз қалмасы анық.
Осы күні түстен кейінгі кездесу жиыны Панфилов ауылындағы №33 орта мектебінде жалғасты.
Ауыл тұрғындары ауылдық мәслихаттың жұмысы туралы, ауданымыздың, аталмыш ауылдың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар мен іс-шаралар жайында хабардар болған соң, көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Овражная көшесінің тұрғыны Нұргүл Есімханова аталмыш көшенің жолын асфальттауды, жарық мәселесін, қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтты. Тұрғындар Қызыл Ту ауылындағы 700 балаға арналған мектепте бүгінде 1500 оқушы оқып отырғанын айтып, жаңа мектеп салынса деген тілектерін алға тартты. Мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы Қызыл Ту ауылында келесі жылы жаңа мектеп құрылысы басталып, 2021 жылы ел игілігіне берілетінін, сонымен қатар, Айғаным ауылында да 2,2 га. жерге 600 орындық мектеп салынатынын жеткізді. Е.Ахметжанова Райымбек көшесінде, А.Жексембиева Амангелді көшесінде жаз айларында ауыз су тоқтап қалатынын айтып шағымданды. Мектеп директоры Э.Баймолдаева мектеп айналасын жарықтандыруды сұрады. Бүгінде аудан әкімі Жолан Омаровтың қойған талаптарының бірі барлық әлеуметтік маңызы бар нысандардың айналасын, жалпы көшелерді жарықтандыруды жүзеге асыру екені айтылды. Олай болса мектеп директорының көтерген проблемасы жуық арада шешімін табады деген үміттеміз.
Жиын соңында аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бекжан Тұрсын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылатын АӘК төлеудің жаңа тәсілдемелерімен жан-жақты таныстырды. Жиынға келген әйел-аналар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, маман тарапынан жауаптар алды.Кездесу жиынын аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы қоры-тындылап, ел тілегі ескерусіз қалмайтынына сендірді.
Райхан АЗИМОВА
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!