Қоржында екі алтын, бір қола

Қоржында екі алтын, бір қола

Өткен аптада Талғар қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Алмалы» спорт кешенінде 2004-2005 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы», марқұм Г.П.Юрченконы еске алуға арналған дзюдодан республикалық ашық біріншілік болып өтті. Осы ашық біріншілікке Алматы мен Шымкент қалалары және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 465 спортшы жиналып, екі күн бойы «Алмалы» спорт кешенінің ішін ұлы дүбірге бөледі.

Міне, осы жарысқа қатысып, татами үстінде бағын сынағандар арасында 38 келі салмақта күш сынасқан Әтеке Ерасыл мен 63 келі салмақта күрескен Айша Иманқұлова деген қызымыз барлық қарсыластарынан айласын асырып, «чемпион» атанса, үшінші орын үшін бәсекеге түсіп, «жұбаныш» белдесуінде өте ширақ қимылдаған 60 келі салмақтағы Ислам Сакаев деген балуанымыз қола жүлденің иегері атанды. Бұл Талғар спортының тағы бір жеңісті жолының бірі болды.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».