Айбынды жастар жарысы

Айбынды жастар жарысы

Өткен аптада қаламыздағы Талғар медициналық колледжінде аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Айбын» аудандық әскери-патриоттық, спорттық ойындар жарысы өтті. Колледж студенттері арасында ұйымдастырылған додаға қаламыздағы Д.А.Қонаев атындағы университетінің Талғар қаласындағы колледжі, Талғар политехникалық колледжі, «Талғар медициналық колледжі» және «Талғар медициналық колледжі» мекемесінің (жекеменшік) студенттері қатысып, топтық құрамда өнер көрсетті.
Сайыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына ықпал ету. Өскелең ұрпаққа, жас жеткіншектердің бойында патриотизмге негізделген көзқарас және жастардың бойына әскери дағдыны қалыптастыру. Бәсекеге қабілетті жас тұлғаны жетілдіру және әскери патриоттық, интернационалдық тәрбие беру болып табылады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асырудың аясында өткізіліп отырған спорттық шара қаламызда бұған дейін де әр жыл сайын өткізіліп келгенін біз білеміз. Жігерлі жастардың намысын қайрап, рухын күшейтуді көздеген ұйымдастырушылардың осы жылғы «Айбын-2019» жарысына енгізген бірқатар өзгерістері де жоқ емес.
Жарыстың ережесінде көрсетілгендей қатысушы топтар бес кезең бойынша күш сынасты. Қарсылас төрт команда әскери эстафетамен жүгіріп өту, пневматикалық мылтықпен нысанаға ату, АК-47 автоматын толық емес бөлшектеу және бөлшектеуден кейін қайта жинау, гір тас көтеру, кермеге тартылу, топтық үлгіде арқан тарту сынды 5 кезең бойынша бақ таластырды. Толықтай қырағы көзді төрешілердің бақылауында өткен сайысқа жақсы дайындықпен келген қатысушылар көрсетілген кезеңдер бойынша, қойылған ереже негізінде керемет ойын өрнегін көрсетті. Додаға қосылған шәкірттерінің аяқ алысын алыстан бақылаған ұстаздармен қатар топ жанкүйерлерінің де қарасы көп болған жарыс тартысты өтті.
Осылайша, жарыс нәтижелеріне сәйкес, жүлделі ІІІ орын Д.А.Қонаев атындағы университетінің Талғар қаласындағы колледжінің командасына бұйырса, ал Талғар политехникалық колледжінің намысын қорғаған жігіттер ІІ орынға табан тіреді. Шашасына шаң жұқтырмаған шаңырақ иелері, Талғар медициналық колледжінің студенттері жоғарғы көрсеткішпен І орынға ие болды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан «Талғар медициналық колледжі» мекемесінің қыз-жігіттеріне ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Топтық құрамнан бөлек бес кезеңнен сүрінбей өтіп, ерекше көзге түскен болашақ сарбаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, «Мақтау қағаздары» берілді. Сайыс соңында үздік деп танылған топқа қырық мың теңгелік сертификат пен қатар облыстық ойынға жолдама берілді.

Дархан Әук,
«Талғар».