Жастар өткізген ЖАЙДАРМАН

Жастар өткізген ЖАЙДАРМАН
Өткен жұмада аудандық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен көзі қарақты көрермен көңіліне күлкі ұялатқан аудандық колледж студенттері арасында «Жайдарман» ойындары өткен болатын. «Жалынды жастар» деп аталған ктк ойыны Талғар қаласының политехникалық колледжі ғимаратында өтті. Ұйымдастырушылардың жастар арасындағы жайдарман ойынын дамытудағы мақсаты – олардың әдебиетке қызығушылығын арттырып және бос уақытын тиімді өткізуге көмектесіп, өмірге деген позитивті көзқарасын қалыптастыру еді.
Ойынға қаламыздағы колледждердің студенттерінен құралған «ТМК жастары», «Заңгерлер», «Politeh kz», «Эверест», «Менің сүйікті командам» сынды КТК командалары төбе көрсетті. Сонымен қатар ойын масштабын кеңейткен, көрші Еңбекшіқазақ ауданынан келген «21 ғасыр» құрамасы сияқты қонақ командалар да өз өнерлерін ортаға салды. Алты команданың басы тоқайласқан ауданымызда өткен әзіл аламанының алғыр қыз-жігіттері келген елді күлкіге шомылдырды. Аталған шараны жас дарын иелерінің көп күткені ойын барысында байқалып тұрды. Десек те, қоржыны қалжыңға толған құрама ойындарына, қазылық жасаған төрешілер өз кезегінде жаттанды әзілдер көрсеткен командалар мен дайындығы төмен кей топтарға құлақ- қағыс жасады.
Жаңа оқу жылындағы өткен осы жайдарман ойыны көптің есінде қалары анық. Екі ойын кезеңі бойынша әзіл жарыстырған жастар, редактордың сүзгісінен өткен сауатты әзілдерімен қуантты. Ережеге сай қатысушы топтар бірінші «Сәлемдесу» кезеңі бойынша дайындап келген дүниелерін жеті минут ішіне сыйдырған болса, екінші кезеңде залдағы көрерменнен келген әр түрлі сөздерден табан асты күлкілі мәтін құрау керектігі тапсырылды. Қос сайыстың нәтижесі бойынша бір ауыздан төрешілер I-орынды Талғар политехникалық колледжінің «Politeh kz» командасына берді. Екінші орын Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің намысын қорғаған сайдың тасындай іріктелген «Эверест» құрамасына бұйырса, үздік үштікті қорытындылаған Талғар медициналық колледжінен келген «Менің сүйікті командам» құрамасы болды. Ал қалған үш командаға қатысқандары үшін «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Дархан ӘУК,
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!