Түсіндіру жұмыстары білім ошақтарында

Түсіндіру жұмыстары білім ошақтарында

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары № 49 жалпы білім беретін орта мектепте жалғасын тапты. «Латын әліпбиіне көшу – ортақ міндет» атты дөңгелек үстелге мектеп директоры А.Махамбетиярқызы бастаған ұстаздар қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселе – латын әліпбиі жайлы лекцияға ден қойды. Бөлім маманы Ұлбосын Ақжігітованың кіріспесінен кейін сөз алған Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар филиалының директоры К.Тәлімұлы бұл бастаманың тектен тек еместігін, ұлттығымызды, қазақтығымызды сақтаудағы төте жол екендігін барынша жатық тілмен түсіндіріп берді. Сонымен қатар латын графикасына қатысты емле ережелеріне мұқият тоқталып, ұстаздардың білуі шарт дүниелерді еске салып өтті. Ал тіл жанашыры, Талғар гуманитарлық-экономикалық кол-леджінің аға оқытушысы Ләйлә Абызова болса өзі шығарған әліппені таныстырып, балаға тез және сауатты жаттатуға бұл оқу құралының маңызы зор екенін көрсетіп берді. Бұрынғы әліппе желісімен шығарған оқу құралы ата-ана үшін де таптырмас көмекші екендігін жеткізді. Танымдық ақпараттарға риза болысқан білім ордасының ұжымы алдағы уақытта латын әліпбиге көшуге дайын екендіктерін жеткізді.

Дәл осындай кездесу «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығарады» деген тақырыппен Абай атындағы № 3 орта мектепте де ұйымдастырылды. Аталмыш мектеп ұжымы, әсіресе бастауыш сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдері белсене қатысқан семинарда облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар филиалының директоры К.Тәлімұлының, орталық оқытушысы Г.Мамырбаеваның, Талғар гуманитарлық-экономикалық кол-леджінің аға оқытушысы Л.Абызованың лекциялары тыңдалды. Тіл мамандары емле ережелерін слайд арқылы түсіндіріп, әліпбидің парақшаларын таратты. Басқосуға қатысқан қала әкімшілігінің бас маманы Ж.Ордабаева ойын білдіріп, латынға көшу бастамасы көші көш ілгері елдермен теңесе алуға септігін тигізетінін жеткізді.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».