Мемлекеттік қызметтерді сапалы деңгейге көтеру

Мемлекеттік қызметтерді сапалы деңгейге көтеру

Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Талғар ауданының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы атқарылған жұмыстары, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбын қамтыған семинар жиын болып өтті. Айтулы жиынға Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік қызметтер көрсететін бөлім басшылары мен осы салаға жауапты мамандар қатысты. Семинар жұмысын аудан әкімінің аппарат басшысы Ахмет Ашимахун ашып, жиналғандарға өткізіліп отырған семинардың маңызын жеткізе келе, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырып, регламентті бекітті. Бұл күнгі семинардың басты мақсаты ақпарат беру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың жемісті әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бағытталған-ды.
– Мемлекеттік қызметтерді аудан бойынша – 23 мемлекеттік, 51 аудан әкімдігіне ведомствоаралық бағынысты мекемелер көрсетеді. Атап айтсақ, 43 мектеп, 6 балабақша, жұмыспен қамту орталығы, ветеринарлық стансасы. 2019 жылдың 9 айында 140056 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 19533 – 14% қағаз түрінде, 99951 – 71% электронды түрде, 20572-15% мемлекеттік корпорация арқылы. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі мемлекеттік бақылауды орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелерін үйлестіретін тиісті құрылымдық бөлімшелері бақылау іс-шарасы және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингі нысанында жүзеге асырады, – деп сөзін бастаған аппарат басшысы Ахмет Ашимахунұлы, ағымдағы жылдың 9 айында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасы мен атқарылу деңгейіне жіті тоқталды. Жылдық жоспарға сәйкес 16 мемлекеттік ішкі-бақылау іс-шаралары жұмыстары жүргізілген, 9 мемлекеттік мекемесі, 7 ведомстволық бағынысты мекемелер тексерілгенін айта келе, тексеру қорытындылары бойынша 75 заң бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде 8 қызметкер ескерту, 8 қызметкер – сөгіс ретінде тәртіптік жазаға тартылғанын жеткізді. Жіберілген кемшіліктерге егжей-тегжейлі тоқталған ол кемшілікке жол берген бөлім басшыларын, жауапты мамандарды сын тезіне алды.

Келесі сөз кезегін алған Мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің жетекшісі Г.Д.Айтқожақова «Талғар ауданының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы атқарылған жұмыстары, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстармен қатар жіберілген кемшіліктерді жан-жақты саралай келе,мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді жолдарын түсіндірді. LED экран арқылы ілеспе материалдар ұсынылып отырылды. Өз сөзінде ол бекітілген медиа-жоспарға сәйкес, электрондық түрде алынатын және де жалпы мемлекеттік қызметтерді насихаттау бойынша үстіміздегі жылдың 9 айында 12 жәрмеңке ұйымдастырылып оған – 5800 адам қатысқан, 8 семинар-кеңеске – 400 адам, 17 – акцияға – 4500 тұрғын тартылып, барлығы 10000 астам адам қамтылғанын тілге тиек етті. Өткізілген барлық шаралар барысында Telegram мессенджерінде «EgovKzBot» көмегімен қызметтерді алу және «Электронды веб-порталын», «Digital agent» мобильды қосымшасын кеңінен насихаттау жұмыстарын да қосымша жүргізу ұсынылды. «E-gov» порталын насихаттауға арналған буклеттер мен брошюралар таратып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның қызметкерлерін де шақыру керектігін ескертті. Электронды Үкімет порталын және мемлекеттік қызметтерді насихаттау бағытында бейнероликтер түсіру, көрнекі насихат құралы саналатын- билбордтар немесе баннерлер ілу, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-насихат материалдарын кеңінен жариялап, ашық есік күндерін, семинарлар, лекцияларды өткізуді мықтап қолға алуды, жалпы осы аталған бағытта жұмысты жауапкершілікпен жандандыру керектігін ескертті. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын іске қосудың маңыздылығына жіті тоқталған Гүлжан Дәуренбекқызы бүгінгі күні аудан бойынша 36 бұрыш құру қажеттігін айтты. Бұл орайда казпошта бөлімшелері және дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пунктерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын іске қосуды, сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің орындалуының мерзімдерін сақтаудың маңыздылығы да жіті түсіндірді. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 5-бабының 2 тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, қызметтер сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдігінің 29.10.2018 жылғы № 10-589 қаулысы негізінде арнайы ведомствоаралық комиссия құрылғанын, комиссия мүшелігіне қоғамдық ұйым өкілдері енгізілген. Бекітілген кестеге сәйкес, аталмыш комиссия мүшелері жыл басынан бері 19 мекемені аралап шыққан. Барлығы тексерілген 19 мекеме бойынша 155 ұсыныс беріліп, оның 62-сі бүгінгі күнге дейін орындалмай отырғаны да сынға алды. Кемшілікке жол берген мемлекеттік мекемелер, ауылдық округ әкімдіктерінің аты аталып, жұмысты жандандыру, дұрыс жолға қою қадап тапсырылды.
Мемлекеттік органдардың мем-лекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына талдау туралы мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің бас маманы Сарсенбаева Ж.Қ., Электрондық құжат айналымының тәртібі туралы жалпы бөлімшесінің бас маманы К. Кожахметова тыңдалды.
Семинар барысында жиналғандар тарапынан сауалдар қойылып, оларға түсініктемелер берілді.

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».