Мәслихат – ел үмітін арқалаған өкілді орган

Мәслихат – ел үмітін арқалаған өкілді орган

Қазақстан Республикасы мәслихаттарына – 25 жыл

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Ал мəслихат сол халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін жəне Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган. Депутат – билік пен халықтың арасын жалғап тұратын алтын көпір, дәнекер іспеттес. Олардың мақсаты – халықтың мүддесін қорғау, үкілі үмітін ақтау, сенім үддесінен шыға білу. Бұл, әрине, өте жауапты да сауапты міндет!

Уақыт ағымына қарай қоғам қашанда өзгерісті, ілгерілеуді талап етеді. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізіп, «Жергілікті билік жəне атқарушы органдар туралы» Заң қабылданды. Бұрынғы Кеңестер орнына «мәслихат» деп аталған ауданның өкілді органы ел Тәуелсіздігінен кейінгі үшінші жылы, яғни 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы ретінде өмірге келді. Жергілікті өкілді органдар – мəслихат болса, жергілікті атқарушы органдар əкімшілік болып аталды. Тұңғыш рет мәслихат сайлауы өткізіліп, қоғамда демократияландыру үрдістерін жеделдетті. Мәслихаттар нақты заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын мемлекеттік органдардың өкілеті ретінде функцияларға ие болды. Осы жылы Алматы облысы, Талғар ауданы бойынша аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін 25 сайлау округі құрылып, 25 депутат сайланғаны белгілі. 30 наурызда жер-жерде депутаттардың бірінші сессиясы болды.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Мəслихатының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Жалпы мәслихат депутаттары жергілікті халық санына қарай жасақталады. Мысалы, аудандық мәслихаттардың шектік саны жиырма беске дейін болса, біздің Талғар ауданында 19 мәслихат депутаты бар. Өткен жылдарды ой елегінен өткізер болсақ, бірінші, екінші, үшінші шақырылған Талғар аудандық мәслихатының хатшысы болып білікті, атқарушы және өкілді органдарында көп жылғы еңбек тәжірибесі бар депутат Құдықов Нұрсейіт бірауыздан сайланғаны белгілі. Төртінші шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып, қоғамдық процесстерге тұрғындарды кеңінен қатыстыруға ықпал етуде тәжірибесі мол депутат Ыдралиева Рая Мұсақызы, ал бесінші шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген Теберіков Дәнілбек Жақыпұлы сайланды. 2016 жылы алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың хатшысы міндеті маған бұйырды. Бұл Талғар жұртшылығының, сайлаушылардың маған білдірген зор сенімі мен үлкен жауапкершілігі, аманаты деп түсінемін.
Шын мәнінде, тарих үшін 25 жыл азғантай уақыт болғанымен, аталған салада қызмет атқарған және қазір де ел игілігі үшін еңбек етушілер үшін бұл аз мерзім емес екені анық. Қазіргі кезеңде алтыншы сайланған аудандық мәслихат депутаттары қызмет жасауда. Ал бұл мерзімге дейін сайланған депутаттар үлкен тәжірибе мектебінен өтіп, нағыз халық қалаулыларына айналып, жастарға үлгі-өнеге бола білгенін де атап өткім келеді. 1994-2019 жылдарда қоғамда болған уақытша қиыншылықтарға қарамай белсенді қызмет атқарған және бүгінгі таңда да осы міндетті арқалап жүрген депутаттар құрметке лайық деп есептеймін. Бірінші сайланғаннан қазіргі алтыншы шақырылымға дейін ауданымыздағы саяси, әлеуметтік, экономикалық және тағы да басқа мәселелер бойынша, мәслихат депуттары арасынан А.Ф.Сүлейменов, Д.М.Нұрбаев, М.О.Сихимбаева, М.Қ.Абды-гулов, Г.Н.Қасымова, Р.Б.Азимова, А.А.Мақатов, Н.А.Тифанциди, Б.А.Аукенов, А.А.Уали, Е.Д.Есімханов, Т.Б.Юсупов, А.А.Кенжебаев, С.Н.Нұрдаулетов, А.Т.Сем-баев, А.Бәзілхан, А.А.Нұрбатырова, М.Қ.Омарбаев, А.Х.Раханов, М.М.Дюсе-баев, С.Ө.Құрақпаев, Қ.К.Исабаев тағы басқалары белсенді қызметтері үшін сайлаушылардың алғыстарына ие болып келеді.
25 жылда мәслихаттардың қоғамдағы орны дараланып, өкілеттігі де дамып, өсу үстінде. Халық қалаулылары болып табылатын мәслихат депутаттарының өкілеттігі жылдар сайын нығайтылып, аудандық мәслихат құзыреті арта түсуде. Бұл дегеніміз – халық қалаулыларының ел игілігі жолында білек сыбана еңбек етуіне, өзіндік із қалдыруына толық мүмкіндік бар деген сөз. Тек ниет пен жауапкершілік, біліктілік пен білімділік болса межелеген іс те нәтижелі болмақ.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығын берік ұстанып, қолымыздан келгенше ауданымыздың тыныс-тіршілігін назарымыздан қалт жібермей, өзекті мәселелерді шешуге барынша атсалысып жатырмыз. Бүгінде аудандағы депутаттық корпуста беделді, сыйлы, сайлаушылардың мүддесіне жаны ашитын азаматтар топтасқан. Олар біздің аудандағы əлеуметтік-экономикалық, мəдени, жастарға байланысты, спорт, өндірістік, ауылшаруашылық саласындағы проблемалардың сəтті шешілуі үшін қолдан келгеннің бəрін жасауда. Халықты жұмыспен қамтуға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуына үлес қосу, бұл орайда газбен, сумен, басқа да өмірлік қажеті бар игіліктермен қамтамасыз етілуі, әлеуметтік жағынан қолдау табуы – депутаттар жұмысының басты бағытына айналғанды. Осындай жауапкершілігі жоғары міндетті аудандық мәслихат депутаттары абыроймен атқарып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асыруға белсене араласып, өз құзіреті аясында келелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Осы күнге дейін өз құзыреті шеңберінде аудандық мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізіп, бюджет қаражатының да тиімді жұмсалып, атқарылуын қадағалап отыр. Аудандағы атқарушы органдардың халыққа адал қызмет етіп, ауданымыздың өркендеуіне үлес қосуын жіті назарға алуда. Тиісті жұмыс жоспарына сәйкес мәслихат сессияларын өткізіп, күн тәртібінде бюджет қаражатының тиімді жұмсалуынан бастап түрлі сала басшыларының, аудан, ауыл әкімдерінің атқарып отырған жұмыстары туралы есептері тыңдалып, басқа да құзырымызға берілген тексеру ша-раларын жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін аудандық мәслихаттың 51 сессиясы өтсе, оның 15 кезекті, 36 кезектен тыс өткен сессия жұмыстары болды.
Мәслихатта депутаттар жылдар бойы шешімін таппай қордаланып қалған мәселелерді қайта қарап, оңтайлы шешілуін қадағалайды. Атап айтар болсақ, Гүлдала ауылдық округінде «Жаңа Қуат» ауылын құру мәселесі көптен бері шешілмей келе жатқан мәселе еді. Былтырғы жылы бұл іс оңынан шешіліп, Гүлдала ауылдық округінде «Жаңа Қуат» елді мекені құрылды. Сондай-ақ, Қайнар ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылы Талғар ауданының аумағында тұрғанымен, құжаттарының барлығы Іле ауданы арқылы рәсімделген екен. Бұл мәселе бойынша келіп түскен арыздар қаралып, уәкілетті орган басшыларымен өткізілген жиналыстар негізінде Қайрат станциясы Талғар ауданына тиесілі екені анықталып, ауыл тұрғындарының құжаттарын заңдастыру мақсатында ауылдың бас жоспары бекітілді. Сондай-ақ Талғар қаласындағы бірнеше көп қабатты үйлердің жылу жүйесін газға қосу үшін қазандықтар орнату мен басқа да бірқатар жұмыстарына қажетті қаражат бөлініп, «Мелиоратор», «Бозторғай» ықшамаудандарына 6 блокты-модульдық қазандық құрылысына 200 млн. теңге бөлініп, былтырғы жылы осы екі ықшамаудандағы 23 үйдің жылу жүйесін газға қосу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Талғар қаласында 252 көп қабатты үйлер бар болса, оларда орталықтандырылған жылыту жүйелері қарастырылмаған. Белсенді деген 18 үй тұрғындардың есебінен табиғи газ жүйесіне қосылып, көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Аталған жұмыстар, жүзеге асырылған қыруар шаруалардың бір жұрнағы ғана. Осы сынды көптеген түйінді мәселелер депутаттардың араласуымен шешіліп, ел ықыласына бөленіп отырған жайы бар. Өздерiңiз көрiп отырғандай депутаттардың мұрындық болуымен талай шаруа атқарылып келеді. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Оларды назардан тыс қалдырмай, алдағы уақытта түйінін тарқатып, нәтижеге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырамыз деген сенімдеміз. Осындай күрделі мәселелердің барлығы аудандық мәслихат сессиясына шығарылмас бұрын аудандық мәслихат құрған тұрақты комиссияларда қаралатыны белгілі.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес мәслихат өзінің өкілеттік мерзіміне тұрақты комиссиялар құрады. 2016 жылғы 24 наурызда Талғар аудандық мәслихатының шешімімен 4 тұрақты комиссия құрылды.

Оның біріншісі – халықты әлеуметтiк қорғау, әлеуметтік инфроқұрылымды дамыту еңбек, бiлiм, денсаулық, мәдениет, тiл және спорт жөнiндегi тұрақты комиссия. Төрағасы болып Нұрбатырова Айтжамал Әбдрешқызы сайланды. Екінші – әлеуметтiк-экономикалық даму, тарифтік саясат, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және бюджет жөнiндегi тұрақты комиссия. Қазіргі таңда осы комиссияның төрағасы Абдихамитов Дархан Көпшілбайұлы. Үшінші – ауылшаруашылығын өркен-дету, экология және индустриялық, энергетикалық инфроқұрылымның дамуы жөнiндегi тұрақты комиссия. Төрағасы болып Сембаев Амангелді Тлеубердіұлы сайланды. Төртінші – депутаттық өкiлеттiк, заңдылық, нормативтік-құқықтық актілер мәселелері жөнiндегi тұрақты комиссиясы құрылып, төрағасы міндетін Аукенов Бауыржан Аукенұлы атқаруда.

Комиссия құрамының сапалы болуы мәслихат үшін маңызды факторлардың бірі. Әр сала бойынша бекітілген комиссияға өмірлік тәжірибесі мол, жоғарғы білімді әртүрлі жастағы азаматтар енген, олар өздерінің функционалдық міндеттеріне және одан тыс жеке, қоғамдық немесе әлеуметтік сипаттағы сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге күш салып келеді
«Қайырымдылық – адам жанының нұры», «Қайырымдылық – жүректен» демекші, депутаттар үлкен меценаттық қызметті де ынта-ықыласпен атқарып келеді. Алғашқылардың бірі болып əлеуметтік маңызы бар акцияларды қолдап, аз қамтамасыз етілген отбасыларға материалдық көмек, əртүрлі іс-шараларды өткізгенде демеушілік танытуда. Облыстық мәслихаттың депутаттары А.Сүлейменов, Д.Нұрбаев, А.Қыдырманов және аудандық мәслихаттың депутаттары көптеген мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарына, парта, тақта, мектепке қажетті құрал-жабдықтар алу, мектептерді газға қосу мәселесіне жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруға қатысты жұмыстарда белсенділік танытып жүргендіктерін айта кеткен жөн.

Қандай да жұмыстың жүйелі әрі сапалы атқарылуы білікті мамандарға байланысты. Бұл ретте,Талғар аудандық мәслихатының аппараты мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеті Талғар аудандық мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық тұр-ғыда қамтамасыз ету болып табылатын аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік орган екенін жеткізгім келеді. Аппаратта 5 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады, олар: Андасова Мира Құдайбергенқызы – аудандық мәслихат аппаратының басшысы, Амантайқызы Гауһар – бөлімше басшысы, Тұрлыбаева Нұргүл Сакенқызы – бас маман, Даулетқан Назерке – жетекші маман. Аппарат өз жұмысын Қазақстан Республикасының Конститутциясы мен Заңдарына, ҚР Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативті құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

Мəслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі. Алғашқы қалыптасқан жылдарына қарағанда, соңғы заңнамалық өзгерістерге сай рөлі біршама күшейтілген мəслихаттарды ел игілігі үшін атқарылар мəнді де мазмұнды жұмыстар күтуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, «Қазіргі буынның маңдайына тəуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны нығайтып, баянды ету міндеті қатар жазылды». Бұл міндеттерді абыроймен атқару – əрбір азаматтың қасиетті парызы. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат – мемлекетімізді одан əрі нығайту, Қазақстанды «Мəңгілік Ел» ету. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, тəуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Жұмахан Еңкебайұлы,
Талғар аудандық мәслихатының хатшысы.