Электронды айыппұл салуға арналған планшеттер көлік инспекторларына да беріледі

Электронды айыппұл салуға арналған планшеттер көлік инспекторларына да беріледі

Жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттамаларды электронды форматта толтыратын планшеттер көлік комитетінің қызметкерлеріне де берілуде.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Бас құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бағлан Бекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәріміз де жол ережелерін сақтау мәселелерімен, айыппұл арқалау жағдайларымен бетпе-бет келіп жатамыз. Сол себепті, біз дәл осы жұмысты Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жол-патрульдік полиция қызметі желісі бойынша бастадық. Қазіргі таңда жоба толығымен жүзеге асырылып, Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымдық бөлімшелеріне енгізілді. Қазіргі таңда жол-патрульдік қызметінің 7 мың қызметкері мамандандырылған планшетті ұстап, жұмыс атқаруда. Олар хаттамаларды электронды формада толтырып жатыр», — деді Бағлан Бекбаев.

Құзырлы орган өкілінің айтуынша, кезең-кезең бойынша басқа да мемлекеттік орган қызметкерлерінің қолына планшет берілмек.

«Біз жақында көлік инспекциясын да осы жобаға қостық. Көлік комитетінің 200 инспекторы бүгінгі таңда әкімшілік құқықбұзушылықтарды электронды формада толтыруда. Биыл 1,5 млн әкімшілік құқықбұзушылық электронды форматта толтырылды», — деді Бағлан Бекбаев.

Талғар-ақпарат