Қызметіне жауапты комитет

Қызметіне жауапты комитет

Ұстыны берік, іргесі мықты тәуелсіз Отанымыздың жарқын болашағы үшін ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келе жатқан Мемлекеттік кірістер комитетінің қайта құрылғанына бес жыл толыпты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетін біріктіру жолымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті болып қайта жабдықталған бұл органның еңбегі орасан зор. Оның ішінде облыстағы іргелі ауданның бірі саналатын Талғар ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысы жүйелі. Сөзімізге дәлел болсын, бұл мекеме қызметкерлері 2019 жылдың 1 жарты жылдығын абыроймен аяқтап, белгіленген жоспарды өз деңгейінде орындап келеді.

Аталмыш уақыт аралығында мемлекеттік бюджетке 29 387 281,8 мың теңге салық түсіп, 100,2 пайызға орындалды. Былтырғы жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 221,3 пайыз артық немесе 16 110 682,5 мың теңгеге артық түскен екен.
Оның ішінде:
Республикалық бюджетке қойылған болжам 23 877 830,0 мың. теңге, түсім 23 505 106,0 мың. теңгемен 98,4 пайыз, айырма 372 723,9 мың. теңге кем. Өткен жылмен салыстырғанда қарқын 308,8 пайыз немесе 15 894 297,8 мың. теңгеге артық.

Жергілікті бюджетке қойылған болжам 5 453 987,0 мың тең­ге болса, түсім 5 882 175,7 мың теңге орындалу 107,9 пайыз, айырма 428 188,7 мың теңгеге артық. Өткен жылмен салыс­тырғанда қарқын 103,8 пайыз немесе 216 384,7 мың теңгеге артық.

Меншікті бюджетке болжам 2 155 136,0 мың теңге беріл­се, түсім 2 404 395,0 мың теңгені құрап, орындалуы 111,6 пайыз, айырма 249 259,1мың теңге артық. Өткен жылмен салыстырғанда қарқын 203 487,9 мың теңгеге артық.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне жалпы болжам тұсында межеленген 904 747,0 мың теңгенің орнына бюджетке нақтылы 1 011 714,7 мың теңге түсіп, жалпы болжам көрсеткіші 111,8 пайызға орындалды немесе бюджетке артық түскені 106 967,7 мың теңге.Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16 121,8 мың теңгеге артық немесе түсімнің өсу қарқыны 109,2 пайызды құрайды.
Осындай жетістіктерге аудан экономикасының өсуінің және салықтық әкімшілендіруді жақсартудың, қосымша резервтерді табудың арқасында жетіп отырған мекеме сонымен қатар, салық заңнамасын түсіндіру, салықтық әкімшілендіру, камералдық бақылау және салық төлеушілердің сауаттылығын арттыру, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара бірлесіп атқарған іс-қимылдар, бекітілген болжамның артығымен орындалуына елеулі ықпалын тигізуде.
Мемлекеттік кірістер басқармасы салықтарды төлеуден жалтару жолдарын пайдаланатын салық төлеушілердің кемшіліктерін анықтап, 2019 жылы Алматы облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен сенімсіз кәсіпорындардың қайта тіркелуіне жол бермеді.

Бүгінгі күні салықтық қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі бағыттардың бірі – мемлекеттік қызмет алу кезінде салық төлеушілер үшін жайлы жағдай жасау болып табылады. Ол үшін Мемлекеттік кірістер басқармасында Салық төлеушілердің ақпараттарын қабылдау және өңдеу орталықтарындағы бар жағдайларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрі­нің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №284 Бұйрығына сәйкес, Мемлекеттік кірістер органдарымен 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 28 салықтық, 16 кедендік қызметтер, сонымен қатар 28 автоматтандырылған және 16 қағаз түрінде. Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен 44 мемлекеттік қызмет түрінің 15- і көрсетіледі.

Қазір Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 8 бөлім, барлығы 45 мемлекеттік қызметкер күнделікті жұмыс ырғағын бір сәтке де бәсеңдетпей, өздеріне жүктелген міндеттерін атқарып келеді. Жоспарды орындау үшін қойылған мақсаттарды жүзеге асыру және мемлекеттік бюджетті толықтыру мақсатында басқарманың мамандары өз білімдерін үнемі арттырып отырады және ҚР Тұңғыш Президентінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын, «Қазақстан – 2050» стратегиясы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағытын, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауларын басшылыққа алып қызмет атқарады.
Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер бас­қармасында өз ісін жақсы меңгерген тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Олар үнемі жүйелі түрде өз білімдерін толықтырады, өз беттерімен жаңа салық заңнамаларын үйренеді, бөлімдерде жиі техникалық оқу өткізіліп тұрады. Өздерінің жас әріптестері мен салық төлеушілерге тәжірибелі қызметкерлер, басшының орынбасары Едгар Лесханов, Мади Базаров, бөлім басшылары Бейбіт Иманбаев, Ержан Темірбаев, Әсел Шаймерденова, Мұхит Утегенов, Жанар Мұханова, Бакытжан Калыбеков, Данияр Сагдуллин, Бахтияр Нариман кеңес беріп отырады.
Мемлекеттік кірістер басқармасында жиырма бес жылдан астам уақыт бойы, Венера Қойлыбаева, Серік Исаев, Қарақат Әбілғазиева, Замира Джумаева, Сәуле Жаңабаева, Газизбек Байбасаров қызмет істеп келеді және жас мамандарға тәлімгерлік көрсетуде.

Аталмыш мекеменің алға қойған міндеті – салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсу толықтығы мен дер кезінде түсуін қамтамасыз ету, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жар­наларын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есеп­теудің, ұстап қалудың және аударудың жолдарын заң жүзінде орындау, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

М.Бөлек.