Белбұлақтың БЕЛ БАЛАСЫ

Белбұлақтың БЕЛ БАЛАСЫ

«Жақсы адамның алақаны аялы, Жақсы адам-жасыл терек саялы, Шақырады жұлдыздардай жарқырап, Жақсы адамның жарқын өмірбаяны» – деп ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай туған жерін түлетіп, халқына адал еңбек еткен жан ел есінде мәңгі сақталатын көрінеді.

Біз бүгін әңгіме еткелі отырған жан да соның бірі де бірегейі. Республика көлемінде колхоз құрылысының негізін қалаушылардың бірі, 1959 жылдың тамыз айынан 1987 жылдың көктеміне дейін 30 жыл бойы Мичурин атындағы колхоздың басқарма төрағасы болып, колхоз экономикасын биікке көтерген азамат. СССР Жоғарғы Совет Президумының 1966 жылғы 30 сәуірдегі жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, кеудесіне бұдан да басқа «Ленин», «Октябрь Ревалюциясы», «Еңбек Қызыл-Ту» орденін тағып, 1966-1974 жылдары СССР Жоғарғы Кеңесінің VII-VIII-шақырылымының депутаты, СССР Жоғарғы Советі Одақтар Палатасының Жоспарлау-Бюджеттік комиссиясының мүшесі болған Қапиза Әбдіғұлов бар саналы ғұмырын елінің гүлденуіне арнап, социалистік құрылыстың озат тәжірбиелерін Румыния, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Чили, Конго сияқты елдерге таратқан өресі биік, қиялы ұшқыр, мемлекет және қоғам қайраткері еді.

Қапиза Әбдіғұлов 1924 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, «Бірлік» колхозында қа­ра­пайым шаруа Қасқабай баласы Әбді­ғұлдың жанұясында дүниеге келді. Ол 1934-1940 жылдары «Қызыл Ту-3» мектебін үздік бітіреді. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында соғысқа алынған жас жігіт елге 1949 жылы ғана оралады. Туған жерге оралған соң Қапиза «Қызыл Ту» колхозына есепші, кейін бас бухгалтер болып қызу еңбекке бел шеше араласады. 1957 жылы «Қызыл Ту» колхозы мен «Мичурин» колхозы біріктіріледі де, Қапиза колхоз төрағасының орынбасары және партия ұйымының хатшысы болып коммунистерге жетекшілік етеді. Осы жылдар ішінде колхоз мал өсіру, егін, көкөніс өндіруде республика бойынша жоғарғы көрсеткіштерге ие болып, жігерлі жас коммунист елге танылады. Қапиза Әбдіғұлов 1953 жылы колхоз бастықтарын дайындайтын үш жылдық оқуға жіберіліп, оны бітірген соң Іле ауданының партия коммитетінде нұсқаушы, сосын Мичурин атындағы колхозға басқарма төрағасы етіп жіберіледі. Әкесі Әбдіғұл бау-бақша өсіруде тәжірбиесі мол, түрлі алма, алмұрт және түрлі жеміс ағаштарын өсіретін бағбан кісі еді. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, жастайынан әкесінің жанынан қалмайтын Қапиза Мичурин колхозындағы 270 гектар жеміс бағын үлкейтіп, бес жылдықта толағай табыстарға қол жеткізеді. Мысалы, 1976 жылы алмадан 9000 центнер өнім жинаса, бес жылдықтың соңғы жылында 11 мың центнер өнім алып, мол табысқа кенеледі. Осындағы бау-бақша өсіретін №6 бригада 70 гектар жердің әр гектарынан 71 центнерден өнім алып, үздіктер көшін бастайды. Сол жылдары бақ өсіретін Құрманбек Әлиев, Рафаэль Островскийдің звенолары апорттың әр ағашынан 500-700 килограмм өнім жинаған еді. 1961 жылы Эрфрут қаласында өткен халықаралық көрмеде салмағы 700-800 грамм тартатын Алматы апорты халықаралық көрменің Алтын медалін жеңіп алады. Бұл алмалар Мичурин колхозынан барған алқызыл, исі жұпар аңқитын, қып-қызыл боп көздің жауын алатын Жетісу алмалары еді.

Колхоздың табысты саласының бірі- мал шаруашылығы болатын. Мичурин кол­хозының 25000-нан астам қойы жаз бойы «Асы» жайлауында бағылса, күз түсе «Сартауқұм», «Кербұлақ», «Қазақстан», «Қарасай», «Шош­қалы», «Кірпіш көң», «Тасқара» аймағында қоныс теуіп, қой қырқу, күзек алу, қысқы күтім, төл алу жұмыстары осында өтетін. 9-10 бес жылдықтарда әр жүз саулықтан 90-100 қозыдан алып, әр тоқтының салмағын 33-35 килограмға жеткізген Ми­чурин колхозы мол табысқа кенеледі. Колхоз шопандары Әмірқан Әбуов әр жүз саулықтан – 121, Бүркітбай Қабаев –120-дан, Сүлеймен Досбатыров сияқты тәжірбиелі шопан – 117-ден қозы алып, биік тұғырдан көрінеді. Сол жылдары ірі қара малды асылдандыруды қолға алған мал мамандары арнайы қаржы бөліп шет мемлекеттерден 5 бұқа, 150 қашар, жас торпақтарды сатып алады. Сөйтіп, осы колхозда «Алатау тұқымы» атты асыл тұқымды, сүтті мол беретін сиыр тұқымы өсіріле бастайды. 1959 жылы 130 сиырдан 234 тонна сүт алынса, 1968 жылы 813 сиырдан 2340 тонна сүт өндіріліп, колхоз табыстарын молайта түседі. Шаруашылықтың озат сауыншылары – А.И.Кас­тугова, М.Қ.Фа­злиева, М.Е.Фукс, М.Тұрсынова, М.Мол­дабаева, А.Д.Мойсиенколар 4000-4200-килограм сүт сауып, озаттар көшін бастайды. Колхозда төрт түліктің төресі – жылқы өсіру де қолға алынады. Сол кездері Талғар қойнауындағы «Сартауқұм», «Қара еспе» бойында мыңдаған жылқы тебіндеп шығады екен. 1950 жылдары колхоздың бір миллион сом жылдық табысының 60 пайызы жылқы шаруашылығынан түсіпті. Ұлы Отан соғысы жылдарында жылқы саны 1500 басқа жеткізіліп, майданға осы жерден 800-бас сәйгүлік жөнелтіпті. Кезінде Мичурин колхозында мыңдаған жылқы өсірген Дүйсенбай Байғазиев, Мұсахан Өтепов, Қасымбек сияқты тарландар колхоздың мақтаныштары болған. Колхозда түйе малын өсіру де сол Қапиза Әбдіғұлов басқарған кезде қолға алынған істің бірі болыпты. Колхоз қаражатына басқа өңірден 5-6 тайлақ, бура, інген сатып алған шаруашылық аз жылдарда «Ойсыл қара» тұқымын 80 басқа жеткізеді. «Бір түйе бір үйлі жанды асырайды» деп халқымыз айтпақшы, ата түйелердің тірідей салмағы 750-800 килограм болса, одан 8-10 килограм жүн қырқып, әр түйеден күніне 5 литр шұбат алатын колхоз табыстың осы бір көзін тиімді пайдалана білген еді. Мұнда құс өсіру де қолға алынған болатын. Литва республикасынан әкелінген ақ тауықтың тұқымы бұларға ырыс болып қонды. 1967 жылы мемлекетке 1 миллион 200 мың жұмыртқа, екі жүз тонна ет өткізген шаруашылық сегізінші бес жылдықтың соңында 225 тонна ет өткізіп, табыстың тай қазанын тасыта түседі. Сол кезде құс өсірумен атақтары шыққан Мария Серянкина, Тайсия Ежова, Елизоветта Сычева, Мария Митневалар еңбектің нағыз майталмандары болатын. Сол жылдары «Малайсары» өңірін түлетіп, ауыр еңбекпен шөлейтті жерге жүгері, көкөніс өнімдерін еккен кәнігі маман Әбдіреш Нұрбатыровқа Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығы беріледі. Міне, осының бәрінде де халықпен тіл табыса білетін, колхоздың әр тиынын да есептеп отыратын, бәрі де халық үшін болуы тиіс деген ұранмен жұмыс істеген ел ағасы, қоғам және мемлекет қайраткері – Қапиза Әбдіғұловтай Талғар перзентінің ұшан-теңіз еңбегі мен қажыр-қайраты жатыр еді.

«Білім – адамға барын береді, ал, әрекеті оның түр-тұлғасын жарқырата көрсетеді, даңқ әкеледі» – деп батыстың ұлы ойшылы, жазушы Томас Карлейль айтпақшы, туған жеріне өзінің есімін мәңгіге жазып кеткен марқұм Қапиза Әбдіғұлов осы тамыз айының 8-жұлдызында 95 жасқа толды. Есімі халық жүрегінде мәңгіге сақталып қалған ел-ағасы Қапиза Әбдіғұлов осындай жан еді.

1978 жылдың 6-13 қыркүйегінде Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өткені белгілі. Айтулы алқалы жиынға басқа атақты дәрігерлермен бірге құрметті қонақ ретінде әйгілі Джон мен Роберт Кеннедилердің інісі, америкалық танымал сенатор Эдуард Кеннеди де келген болатын. Мұхит асып келген мәртебелі мейманды Алматы маңындағы Социалистік Еңбек Ері Қапиза Әбдіғұлов басқаратын Мичурин атындағы колхозға апарып қонақ етіп, алдына басқа дәм-тұз, тағамдарға қоса апортты қойғанда, бұрын-соңды көрмеген алқызыл алманы көріп, тамсанып, қайта-қайта танауына апарып иіскей беріпті. Кетерінде: «осы алмадан маған үш-төртеуін берсеңіздер?» деген өтініш айтыпты.

Бір қызығы, сол тұста осы кәдімгі алтын тәжді «Қазақстан» қонақ үйінің жаңадан пайдаланылуға берілген кезі-тін. Соны мақтаныш көріп, «Қалай біздің қонақ үйіміз сізге ұнады ма?» деп сұраған журналистерге Э. Кеннеди: «Америкада менің мұндай үш қонақ үйім бар. Дегенмен, маған сіздердің қонақ үйден гөрі ғажайып апорт алмаларыңыз ұнады» деп жауап беріпті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».