Аллергиядан қалай құтылуға болады?

Аллергиядан қалай құтылуға болады?

Мезгіл мәселесі

Жетісу өңірінде тұратын тұрғындардың көбі көктем шыға маусымдық аллергиямен ауыратыны белгілі. Оның ішінде Талғар жұртшылығы да бар. Күн жыли салысымен көк шығып, өсімдіктер гүлдей бастаса болды адамның мұрны, тамағы, құлағы қышып, көздің шырышты қабығының қабынуы асқынып, көз қызара бастайды. Бұл жағдай күзге дейін созылатыны тағы бар. Қазіргі жаһандық замандағы заманауи ауру десе де болады. Өкініштісі қандай отбасын алып қарасаңыз әр үйден бір адам осы дертпен күресіп әлек.  Ол аздай бұл қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты.

«Аллергия» дегенде не істерін білмей сабылып кез келген емге жүгінетіндер  де аз емес. Себебі бұл ауру оңайшылықпен емделмейтінін біраз жыл аталмыш сырқаттан арыла алмай жүргендер жақсы біледі. Мұндайда «Аллергиядан құлан таза айығып кетуге бола ма?» деген сұрақ туындайды. «Иә». Бірақ сіз ол үшін бірнеше жылға созылатын ем түріне дайын болыңыз. Жоғары санатты педиатр-аллерголог Тохтар Елтайұлының айтуынша көптеген емделушілер  аллергиядан ұзақ уақыт емделу керектігін дұрыс түсінбейді екен. «Маусымдық аллергияны созылмалы ауру дейміз. Оны емдеудің екі жолы бар. Бірі жазда жүргізіледі. Оны симптоматикалық терапия арқылы емдейміз. Яғни, анализ тапсырады. Уақытша сырқатты басу үшін дәрілер, әр түрлі ұнтақтар жазамыз. Ол тек салдарын ғана емдейді. Ал себебін табу үшін екінші жолына көшеміз. Ол қыста жүргізіледі. Шаң-тозаң басылған соң әр түрлі анализ тапсыруға жібереміз. Нақ қандай шөптің, гүлдің тозаңына я өзіне аллергиясы бар екенін анықтауға тырысамыз. Бір адам болады тек бір шөпке ғана реакциясы бар. Бір адам болады 7-8 шөпке реакциясы бар. Енді ойлап қараңыз қай емделуші тез жазылады, қай емделуші ұзақ емделеді!? Ол аз десеңіз бір сырқаттар бар 1-2 жыл ғана осы аллергиямен ауыратын, бір сырқаттар бар 10-25 жыл осы аурумен жүре берген. Тек гормоналды дәрілерді ғана қабылдап келген. Гормоналды дәрілер сізді аллергиядан толық айықтырмайды. Ол уақытша ем. Міне осындай емделушілер 1-2 жылда қорытынды шықпаса аллергиялық орталықтардан көңілі қалып жатады. Ұзақ жылға созылған аурудың емі де ұзақ болатынын түсіндіре алмай жатамыз. Қыста келіп емделушілердің  90-95 пайызы маусымдық аллергиядан толық айығады. Тек бронх демікпесі мен аллергиялық риниттің ғана 20-25 пайызға себебі анықталады», — дейді Тохтар Елтайұлы.

Оның үстіне емделушілердің аллерголог-мамандардың көмегіне жүгінбейтінінің тағы бір себебі — қаржы мәселесі. Аллергиялық орталықтардың бір реттік қабылдауы  30-40 мың (талдау нәтижелерін қосқанда). Емделуіңіз 60-70 мыңнан 200 мыңға дейін барады. Керек десеңіз асып жатады.  Ескеретін жайт шөп түрлеріне деген реакцияңыз көп болған сайын ем түрі де қымбаттай береді. Сол себепті болар аллергетиктердің басым бөлігі дәстүрлі емес медицинаға көптеп жүгініп жатқаны. Соңғы кездері гормоналды дәрілерден қоспа жасап, мұрын қуысына сеуіп жүргендер байқалып келеді. Ол арзанға түсетіні анық. Осыған байланысты терапевт-дәрігер Тілекнұр Ратайұлы да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша бұл тәсіл медицинада құпталмайды. Дәрігерлер медицинада ұзақ жылдар бойы қолданылып келе жатқан, тәжірибе жүзінде іске 100 пайыз асқан ем-домды ғана жазып береді. Аталған тәсіл сынақ-тәжірибеден өтпеген. Емделушілер өз бетімен жүргізген емі жайлы тіпті дәрігерге ескертпейді. Сондықтан бұл жағдайға пікір айту да қиын екенін айтады маман. Тілекнұр Ратайұлы аллергияны Шығыс медицинасымен және халық емдерімен емдейді екен. Көбіне шөп дәрілерді қолданады. Осы Талғарға келгелі дәрігердің өзінде де маусымдық аллергияның белгілері біліне бастаған. Бірден ешқандай ем қабылдамай жаттығу залына барып, қосымша жүзуге де жазылған. Сөйтіп аллергиядан айыққан. Аллергия — иммунитеті төмен адамға бірден келеді. Себебі сыртқы бактерияғы ағза төзе алмайды. Сондай-ақ дәрігер қызыл түсті жеміс-жидектен бас тарту керек екенін айтады. Аллергендер олардың да құрамында болады екен. Қарбыз-қауын, қызанақ, құлпынай сияқты жемістер аллергетиктердің бірден-бір жауы. Газдалған сусындар, фаст-фуд тағамын мүлдем ұмытқан жөн. Аллергиясы бар адам үшін бұлар қауіпті.

Сонымен аллергия дегеніміз — ағзаның қоршаған ортаға аса сезімталдығы. Ол неден пайда болуы мүмкін. Ол – табиғаттың ластануынан, аллергия бойынша тұқымқуалау ауруларының болуынан, дұрыс тамақтанбағаннан, тамақтың құрамында химиялық заттардың көптігінен, иммунитеттің әлсіздігі, дәрілерді шектен тыс сауатсыз қабылдағаннан, үй ішін мінсіз таза ұстау мақсатында химиялық заттарды асыра пайдаланғаннан да пайда болады. Сөзіміздің дәлелі ретінде отандық ғылымның көшбасшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биофизика және биомедицина кафедрасындағы хронобиология және хрономедициналық зерттеу орталығында жүргізілген зерттеуді келтіруге болады. Ол жерде күнделікті өмірде қолданатын тағам өнімдері мен тұрмыстық заттардың құрамында химиялық заттың аз болуы аталмыш аурудың алдын алудың бір жолы екені дәлелденген. Өйткені тұрмыста химиялық құрамы жоғары затты пайдалану адам ағзасының қорғаныс қабілетін төмендетеді екен. Сөйтіп оның аллергендерге деген сезімталдығы артатыны белгілі болды. Аллергиямен ауыратын науқастарға дәрумендер жетіспеуі мүмкін. Мамандар науқастарға күніне бір грамм С дәруменін қабылдау, тағам құрамында ақуыз, май, көмірсутегі жеткілікті болуы шарт екенін айтады. Сонымен қатар, бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс. Науқас жататын бөлмеде кілем, палас, жұмсақ ойыншықтар мен ортақ заттардың болмағаны жөн екен.

Дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп қалай тауып айтқан. Жоғарыда айтылғандардан әркім өзіне керегін алар деген ойдамыз. Бастысы аурудың алдын алудың қамын жасаған абзал. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» демекші жалпы ауырмауға тырысайық.

Әйгерім Әмір