Білікті бапкер

Білікті бапкер

«Адам кім де болса еңбек етіп, терге шома жұмыс атқаруы тиіс: өмірдің мәні мен мұраты, оның бақыты мен мақсаты осында» – деп орыс халқының классик жазушысы Антон Чехов айтқандай, еңбек пен спорт баланың адамгершілік белгілерін дамытуда таптырмас құрал екенін кім білмейді. Бірінші сыныптан бастап Қапшағай төңірегінен келіп, Талғар қаласындағы шопандар балаларына арнал­ған мектеп-интернатта тәрбиеленген Берік Оразалиұлы спортқа бейім баланың бірі еді.

Оның алғашқы жаттықтырушысы Мақа­бай Аққазынов пен Қазақстанға еңбек сі­ңірген жаттықтырушысы, грек-рим кү­ресінің білгі­рі Анатолий Федорұлы Ни­кифиров күрестің әдіс-айлаларын үйретіп бақты. Денесінің бұлшық еттері тып-тығыз, жүгіргенде аяқ- қолдарының сіңірлі бұлшық еттері ап- айқын тебіндеп тұратын Берік алтыншы-жетінші сыныптарда облыстық, республикалық тур­нирлерде көзге түсе бастады. Тоғызыншы сыныптан кейін Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында оқыған ол көрнекті күрес бапкері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазбек Қарамоллин сынды дарынды ұстаздың қарамағында болды. Әбден пісіп-қатып, боз кілемнің шаңын қаға бастаған Берік елу жеті келіде республикалық жарыстарда топ жарып жүрді. Мәскеу, Ленинград, Минск, Киев, Ереван, Тблиси, Душанбе қалаларында өткен Кеңес Одағы біріншілігінде алғашқы үштіктен көрініп жүрген Берік Ауғанов 1989 жылы Қырғызстанның астанасы Фрунзе қаласында өткен Одақ біріншілігінде ерекше көзге түсті. Сол жылы жасөспірімдер тобынан жастар құрамасына енген он жеті жасар Берік Қырғыз астанасында 57 келі салмақта бақ сынап, бірінен бірі өтетін бес қарсыласын жеңіп, кеудесіне: «СССР спорт шебері» деген күміс медальді жарқырата тақты. Ол кезде спорт шебері деген атақ екінің біріне беріле бермейтін. Боз кілем үстінде маңдай терін шүмектей төккен жанға ғана берілетін. Сол атақты Берік Ауғанов 17 жасында алды. Сарбаздың міндетін 1990-1992 жылдары Алматыдағы спорт ротада өткерген тал­ғарлық балуан Кеңес Одағының сан түрлі қалаларын шарлап, небір грек-рим күресінің шеберлерімен боз кілем үстінде айқасты. 2004 жылы Талғар аудандық жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып келген Берік Оразалиұлы содан бері грек- рим күресінен талай-талай балуандарды дайындап шығарды.
Әсіресе, елу жеті келі салмақта Қазақстан чемпионаттарында көзге түскен Тимур Шмаков пен алпыс келі салмақта күрескен, Қазір Қостанай қаласындағы десантшылар ротасында сарбаздық міндетін атқарып жүрген Самат Тулеев есімді шәкірттерінің қалай белдескені оның әлі есінде. «Еңбек етсең – емерсің» дейді халық даналығы. Спортта тәжірибесі мол Берік Ауғанов бұл күндері Талғар қаласындағы «Жастар» ста­дионында спорт нұсқаушысы, әрі аудандық спорт мектебінде шәкірт дайын­дайды. Халқына бергенінен берері көп, «КСРО спорт шебері», грек-рим күресінің білгір маманы- Берік Ауғановтан көп үміт күтеміз.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
ТалғарАқпарат