Алматы облысында «Жетісудың жеті батыры» анықталды

Алматы облысында «Жетісудың жеті батыры» анықталды

Ержүректік пен ерлік, батырлық пен қайсарлық тек соғыс сағатында ғана сомдалмайды. Күнделікті өмірдің кез келген сын сәттерінде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен жандар осы қасиеттері арқылы талай жүректерге от тастап, намысын найзағайдай ойнатады, рухты оятады. 

Жетісу жерінде батыр азаматтарымыз жетерлік. Алайда есімдері елге танымал болмай, ұмыт қалғандары қаншама. Сол есімдерді жаңғырту, танымал ету, ерліктерін білу мақсатында «Жетісудың жеті батыры» атты жобасы бастау алып, алғашқы жеті батыры да белгілі болды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат облыстық өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жоба белгілі журналист, блогер Сандуғаш Дүйсенованың идеясы. Бүгінде ол «Пятый регион» атты қоғамдық бірлестік құрып, қайырлы істерді насихаттауға ден қойған.

«Бұл күнде қайсарлық танытатын азаматтар кемде-кем. Бірақ, көпке топырақ шашуға да болмайды. Өз өмірін ойланбастан басқа азамат үшін қиып, қол ұшын созатындар да жетерлік. Тіпті, өмірден озғандарда қаншама. Сондай игі істерді атқарған азаматтарымыздың ерен еңбектерін жаңғырту мақсатында  Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен байқау ұйымдастырдық»,-дейді жоба авторы.

Жалпы байқауға 7 номинация бойынша, 30-дан астам азаматтардың өтініштері  қабылданған. 7 үміткер әлеуметтік желі арқылы жиналған дауыс арқылы анықталды.

Байқаудың алғашқы «Жанған жұлдыз» номинациясын 2012 жылы Қапшағай су қоймасының жанында шомылып жүрген бейтаныс баланы құтқарамын деп, өз басын тәуекелге тіккен Олжас Құлжабековтың ата-анасына табыстады.

«Биыл баламыздың арамызда жоқтығына 11 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Олжасымыздың ерлігін әрдайым ұмытпай, әртүрлі іс-шараларда ескеріп, марапаттап жатады. Бір шетінен ата-ана ретінде бізге қуаныш, бір жағынан баламыздың ортамызда жоқ болғаны үлкен қайғы.Ұлымызды жоқтатпай марапаттап жатқан ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз»,-деді Олжас Құлжабековтың әкесі Серік Құлжабеков.

Ерлік білекте емес -жүректе. Марапатталған 6 үміткерде өз орталарында кеңінен танымал, олар: «Ерлігі үшін» Қалиев Қанат, «Халық батыры» Досымбеков Кадирхан, «Ержүрек» номинациясы Абдиев Ельдар, «Кейіпкер» аталымы Арман Бахытбайұлы, «Қаһарман қыз» номинациясы Ситасманова Камилла, «Жүректен жүрекке» номинациясы Волонтерское движение  «LIDER.KZ» сияқты батырларға бұйырып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, бұл байқау өз жалғасын табатын болады. Жетісудың жеті батыры хэштегімен ерлігін елге насихаттауға тұрарлық есімдер туралы хабарламалар жариялауларыңызға болады.

 Талғар-ақпарат