Адал еңбекпен – абырой биігіне

Адал  еңбекпен – абырой биігіне

Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Азаматтың абыройы елінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен қоғам үшін жасаған игілікті ісімен өлшенсе керек. Әрине тірнектеп жинаған бұл абырой көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайырлы болмақ.

Бүгінде мұндай азаматтар ортамызда көп. Дегенмен де тұлпардың да топ жаратыны бар сияқты азаматтың да азаматы бар. Ауданымызға қарасты Рысқұлов ауылының тұрғыны Марат Алимжанов сондай ауы­лындағы абыройлы азаматтардың бірі.

Марат ағамызбен тілдесудің сәті осыдан бір апта бұрын түскен еді. Тұмса табиғаты бар Іле Алатауының етегін жайлаған Рысқұлов ауылына жол тарттық. Марат ағамыз құрақ ұша қарсы алып, қонақтарды тұрмыс-тіршілігімен таныстырып, шаруа­шы­лығының шет жағасын көрсетіп те қойды. Ауласына тігілген ақ шаңқан үйге біздерді жайғастырып, қымыз-қымыранын әкеліп, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Сондай қонақжай отбасының ауызбірлігі мен көрегендігі, кішіпейілділігі ішімізді жылытып біз де арқамызды кеңге салып, еркін тыныстап, өзімізді бір туысымыздың үйінде отырғандай сезіндік. Осындай қызықты сәттердің арасында Марат ағамызбен сұхбаттасудың ретін тауып, әңгімеге тарттым.
Марат Иембергенұлы «Алимжанов» ша­руа қожалығының басшысы. Бүгінде асыл тұқымды мал басын көбейтіп, кәсі­бін дөңгелетіп отырған азамат. Ол ауылшаруашылығының ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші салалардың бірі екенін жақсы біледі. Сондықтан да бұл салада еңбек еткендердің үміті келешекте өзін-өзі толықтай ақтайтынына сенімді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген екен. Міне, осындай қа­сиеттерді бір басына жиған Марат ағамызға бұл кәсіп таңсық емес. Өйткені, әкесі Иемберген ұзақ жылдар ауданымыздағы асыл тұқымды мал өсіретін «Алматы» кол­хозында шопан болып еңбек еткен. Ба­ла күнінен аттың құлағында ойнап, жаз жайлауда, қыс қыстауда мал жайлап өскен Марат ағамыз мектеп бітірген соң әр салада еңбек етіп көрді. Дегенмен, жанына жақыны осы мал шаруашылығы. Басында ауылдағы азды-көпті малын баптап, 2008 жылы «Алимжанов» шаруа қожалығын құрды. 2015 жылы шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмегін алып, өз ісін дамыта бастады. Алдымен «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында аудандық жұмыспен қамту орталығынан 3 миллион теңге қаражат алып, жылқы малын сатып алды. Қазақ халқы үшін төрт түлік мал кисе – киім, мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болған. Машақаты көп тірлік көзін тапса табыс та әкеледі. Ұлттық асымыз сары майы мен құрты, ірімшігі, саумал, қымызы талай жанның таңдайын тамсандырып, шөлін қандырған. «Мал баққанға бітеді» демекші, уақытымен өріске шығарып, жем-шөбін ерте қамдап, күтіп-баптаған жанға мал да бітеді. Марат ағамыз енді асыл тұқымды мал өсіруді қолға алды. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан «Бастау биз­нес» курсын оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын ұғынады. Көлемді мөлшерде несие алу үшін қажетті құжаттарын жинақтап, тиянақты бизнес жоспарын қорғаған. Бұл жобасы «Қаржылай қолдау қоры» АҚ-ынан қолдау тауып шаруа қожалығына үстіміздегі жылдың наурыз айында 36 миллион теңге қаржы несие берген. Бұл қаражатқа Марат ағамыз Ресейден 65 бас қалмақ сиырларын алып келген екен.


– Қалмақ сиырлары өте төзімді келеді. Қыстағы суық пен жаздағы аптап ыстыққа шыдамды. Жерді жатырқаған жоқ. Тез сіңіп кетті. Қасқырға алдырмайтын қырағы жануар. Жергілікті сиыр малы сияқты керемет күтімді қажет етпейді. Орта есеппен 270-300 келі ет береді. Еті өте дәмді болады,- деген Марат аға қалмақ сиырларының әзірге жер сіңіп, үйренісіп жатқанын айтты. Келесі жылы мал басын 200-ге жеткізсе, арғы жылы 500 басқа көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Жуырда Марат Иембергенұлы Алакөл ауданында өткен Қалмақ асыл тұқымды ірі-қара малдарының Республикалық палатасының семинарына барып қайтқан еді. Ол жақта кәсіпкер аталмыш палатаға мүше болып қабылданып, арнайы сертификатқа ие болды. Бұл сертификат шаруа қожалығына асыл тұқымды мал еттерін шет елдерге экспорттауға рұқсат береді. Марат аға екі жылдан кейін қалмақ сиырларының етін алыс-жақын шет елдерге саудалауды көздеп отыр. Ағамыздың жары Қарлығаш Жұрынбаева да өте сауатты, жоғары білімді азамат. Ол шаруа қожалығының барлық құжаттарын әзірлеп, тиісті орындарға жіберіп отыратын ағамыздың көмекшісі. Барлық семинар-тренингтерге ағамызбен бірге барып, кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгерген отанасы.
Жүрегі таза, жаны жомарт Марат Иембергенұлы спортқа ерекше қарайтын жан. Әсіресе ұлттық спортқа көп қолдау танытып, ұлттық құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіруге үлесін қосып келеді. Ауыл балаларының да спортпен шұғылданып, салауатты болуын үнемі назарда ұстайды. Жас спортшылардың түрлі жарыстарға барып бағын сынап келуіне барлық жағдайды жасап, демеушілік танытады.


– Алимжановтар отбасы ауылдағы мұқтаж жандарға қолұшын беріп, көмектесіп жү­­ретін қайырымды жан­дар қатарынан. Ма­рат бауырымыздың ауылдаста­рына жасаған игі істері, әлеуметтік жағдайы төмен отба­сыларына көрсетіп отыр­ған қолдауы ауыз толтырып айтарлық. Ел алдында абырой-беделі жоғары азамат, – дейді Рысқұлов ауылының ақсақалдар ал­қа­сының төрағасы Қайрат Джол­дасбаев.
Осындай шоқтығы биік азаматтың қа­ра­пайым да адамгершілік қасиеттері мен елі үшін еткен ерен еңбегі көптің құрметіне бөледі. «Қайырымды іс жасасаң – қайырын көресің» демекші жуырда Марат ағамыздың отбасына арнайы атбасын бұрған «Елбасы курстары» қоғамдық қорының Алматы қаласы мен облысы бойынша филиалының директоры Гүлия Иманова бастаған бір топ өнер азаматтары Марат Иембергенұлына жоғары мәртебелі марапаттарын әке­ліп та­быс етті. «Бейбітшілік әлемі» Халық­аралық Қазақ творчестволық Бірлестігі ел экономикасын өркендетуге қосқан лайықты үлесі мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтасты нығайта отырып, республикадағы спорт саласының өркендеуіне қосқан үлесі мен ерен еңбегін, қоғам алдындағы абырой беделін жоғары бағалап «Алтын қыран» медалімен марапаттаған. Сол жарқыраған жұлдызды кеудесіне қадап, арнайы дипломымен марапаттаған Гүлия Иманова ақжарма тілегін арнап, абыройлы азаматтың алдағы ісіне сәттілік тіледі. Қадірменді қонақтар мәдениет майталмандары Аманқос пен Ғанипа Садықовалар әсем әннен шашу шашып, салтанатты сәтті ажарландырып жіберді. «Спорт жұлдыздары» республи­калық спорт журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек те өз кезегінде сөз алып, Марат Иембергенұлының спорт саласын өркендетуге қосып жүрген үлесінің зор екенін айтты. Осындай азаматтар қашанда зор құрметке лайық. «Алтын қыран» өз иесін тапқандай.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».