Жастардың ісі жалындап

Жастардың ісі жалындап

Ресми статистикалық мәлімет бойынша ауданымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 49396 адамды құрайды. Оның ішінде, қала жастары – 11848 ( 23,9%), ауыл жастары – 37548 (76%), 4914 арнайы кәсіптік білім беретін орындардың студенттері, 2300 – «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, 2 – үкіметтік емес жастар ұйымдары бар. Бұл сандар жай ғана мәлімет емес. Бұл ауданда атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесі деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені, қай саланың да қозғаушы күші жастар болғандықтан мәдени-көпшілік шаралар солардың тікелей араласуымен жүзеге асады. Залды толтыратын көрермен керек пе – жастар, тазалық маусымын атқару керек пе – жастар, маңызды басқосу мен кездесуде де жүретін жастар. Солай бола тұра олар ешқашан міндетсінген емес. Өйткені, аудан игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардан қашуды өздеріне ар санайды. Тек, жастарға қатысты байқауларда еңбектері еленбей, жүлдегерлерге лайықты жұмыс жасаса да ысырылып қалатындары ғана қарныңды аштырады. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деп жұбатады сонда да өздерін.

2013 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан аудандық жастар ресурстық орталығы биылғы жартыжылдықты да ауқымды шаралармен толтырып отыр. Бір ғана «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын» орындау барысында 14-29 жас аралықтағы 297 жас жұмысқа орналасқан. Жастар тәжірибесіне 60 адам жолдама алса, 214 жас қоғамдық жұмыс орнына тартылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 23 жас, кәсіптік оқуға 66 жас жіберілген. Осы және өзге де мәселелер аудан әкімдігінде өткен жастар кеңесінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы Рыскелді Ахметқалиұлының өзі қатысқаны жастарға тың серпін бергендей болды. Басшысы қолдаса бастамаларынан жаңылмайтын жігерлі жастар алдағы уақытта та аудан абыройын асқақтата беруден жалықпақ емес. Себебі, биылғы «Жастар жылына» жоспарланған шаралар легі ауқымды, серпінді. Жыл басында «Жастар. Жігер. Жаңғыру» атты аудан әкімімен еркін жағдайда кездескен жастар дайындықтары тыңғылықты, ойлары тиянақты екендіктерін байқатқан еді. Бұл жиынға да сол қалыптарын жоғалтпай келіпті.

Күн тәртібінде мемлекеттік жастар саясатының ауданда орындалу барысы, волонтерлер қозғалысының даму болашағы, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар сынды үш ауқымды мәселе қаралған жиынды аудан басшысы ашып, жүргізіп отырды. Қаралатын мәселелер бойынша кезекпен кезек сөз алған қала әкімі Жандос Әуелбаев, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлыға Садвакасова баяндамаларын оқып, жастарға ерекше сенім артатындықтарын жеткізді. Мінберге шыққан Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов, Алатау ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Динара Құрақбаева осындай басқосулар ашық пікірлесуге, сол арқылы келелі ойлар мен тың ұсыныстардың туындауына, жастардың белсенділіктерін арттыруға үлкен септігін тигізетіндігін айтты. Жарыссөзге шыққандар да ежелгі тарихымызды танытатын, тәрбиелік маңызы зор, патриоттық сезімге толы шараларды көптеп өткізуге біркісідей қатысуға ниетті екендіктерін білдірді. Ұлттық рухта аяқталған отырыс жастарымыздың белсенділігін одан әрі дамытып, көкейлеріндегі құлшыныстарын одан әрі арттыра білді.

Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».